Жаназа кітабы жарық көреді

Ел іші
Жарнама

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің XIV кезектен тыс мәжілісінде «Дін мен дәстүр» кітабының екінші томы мен «Жаназа» кітабының мазмұны талқыланып, мақұлданды, деп хабарлайды Muftyat.kz.

«Қазақтың дәстүрлі құндылықтары мен жаназа мәселелерін жүйелеу және оларды халық игілігіне айналдыруға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. «Дін мен дәстүр» және «Дін мен тарих тағылымы» жылы аясында атқарылатын жұмыстардың бірі – діни еңбектерді жариялау. Бұл – жалпы қоғам мен дін қызметкерлеріне арналған құнды дүние. Кітап елге асыл шариғатымыз пен дәстүрімізді ұштастырып жеткізу мақсатында әзірленді» деді бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Жаназа кітабында қайтыс болған кісіні жерлеу, құдайы ас пен садақа берудің әдептері және қабірді зиярат ету мәселелері қамтылған.

Кеңес барысында наиб мүфти Серікбай қажы Ораз «Жаназа» кітабын шығарудағы негізгі мақсат еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа жол бермеу, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу екенін жеткізді.

Жаңа еңбектер республика имамдарына тегін үлестіріліп, дін мен дәстүрге сай үкімдерді орындау көзделген.

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: