Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау рәсімі өтті

Ел іші
Жарнама

Елорда төріндегі Тәуелсіздік сарайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлықтау салтанатты рәсімі өтті. Айтулы шарада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ант беріп, президенттік қызметіне ресми кірісті.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Президент куәлігін салтанатты түрде табыстады.

Салтанатты шараға Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелерi, Жоғарғы Сот судьялары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері және басқа да шақырылған қонақтар қатысты.

«ХХІ ғасыр – бірлік пен достықтың қуатымен озатын ғасыр. Біз бейбітшілік пен келісімге, татулық пен тұрақтылыққа тәу етіп, тәубе дейміз. Осы құндылықтарымыздың қадіріне жету арқылы Мәңгілік Ел боламыз. Сол жолда талмай еңбек етейік, қадірлі халқым! Қазақстанның жұлдызы жоғары, жолы нұрлы болсын. Елдіктің туы биікте желбіреп, абыройымыз асқақтай берсін!» – деді Елбасы өз сөзінде.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 26 сәуірінде елімізде ҚР Президентінің сайлауы өтіп, сайлау ел тарихында дауыс берушілердің рекордтық көрсеткішімен есте қалды. Бұл күні сайлау учаскелеріне барлығы 9 090 920 сайлаушы (95,21%) келіп, өз таңдауларын жасады. Нұрсұлтан Әбішұлы 97,75 пайыз дауыс жинап, саяси науқанды айқын басымдықпен жеңіп шықты.

Бөлісу: