БАҚ: Діни көзқарасына байланысты сотталғандар өзгелерден жеке дара қамауда отыруы қажет (ВИДЕО)

Ел іші
Жарнама

Түрменің де түрмесі бар. Бұдан былай лаңкестік үшін немесе жалпы діни көзқарасына байланысты сотталғандар өзгелерден жеке дара қамауда отыруы әбден мүмкін. Неге дейсіз ғой? Себебі, өзге жазасын өтеушілерді теріс ағымдардың жетегінен қорғап қалу үшін. Мұндай ұсынысты Қазақстанның бас мүфтиі айтып отыр. Өйткені, қазір, әсіресе түрме ішіндегі діни ахуал шынымен  ушығып тұрған сияқты.

{youtube}swEmTaPEJAI{/youtube}

Ауыр қылмыс жасап, абақтыға отырғандардың көбі бостандыққа шыққанда дінге бет бұрып шығып жататыны жасырын емес. Әсіресе, лаңкестік жағдайлар тіркелгенге дейін. Олай дейтініміз - террактілерге дейін түзету мекемелеріндегі діни ахуал имамдардың құзырынан тыс еді. Экстремизм мен лаңкестік үшін жазасын өтеушілерді ағарту жұмысы кейінгі кездері қауырт қолға алынған. Кеше ғана үкімі шыққан ақтөбелік терроршылармен арнайы сұхбаттасқан дінтанушылар, бүгін олардың портреттерін сипаттап берді.

МАРЛЕН МҮСЛІМОВ, ҚР ДІАҚМ Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші маманы:

-  Сондай-ақ, арнайы діни білімі жоқ, діни сауатын ресми көздерден алмағандығы. Салафизм идеологиясын ұстанғандығы. Алайда, сұхбат барысында салафизмнің идеологиялық қырларын меңгермегендігі анықталды. Яғни, бұл азаматтардың әлеуметтік орта топтан шыққан, өзінің діни ұстанымдарын толыққанды айқындамаған.

Абақтылардағы діни ахуалды талқылауға жиналған имамдар бірауыздан қазіргі басты мәселе - салафиттік ағымның жетегінде кеткендерді дәстүрлі дінге қайтару деп отыр.

ЕРКЕБҰЛАН ҚАРАҚҰЛОВ, Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі, имам:

- Салафиттік ағымдағы тұлғаны дәстүрлі дінге өткізудің басты ерекшеліктерінің бірі - оның күрделілігінде әрі қиындығында. Оның күрделілігі әрі қиындығының бір жағы - бұл ағымның діни бірлестік ретінде тіркелмеуінде.

Қазіргі таңда түзеу колонияларында лаңкестік және діни экстремизм баптары бойынша 400-ден астам адам жазасын өтеп жатыр екен. Биылғы ағарту жұмыстары нәтижесінде 186 тұлға дәстүрлі дінге қайта оралыпты. Алайда, бас мүфти абақтылардағы діни ахуалды шешудің басқа әдісін ұсынып отыр.

ЕРЖАН ҚАЖЫ МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

-  Діни басқарманың және менің жеке көзқарасым - экстремизм, терроризм, жалпы бір діни көзқараспен отырған адамды жеке ұстау керек. Өйткені, ол - идеология. Кеңестік кезде политзаключенный дегендер болған, олар Ленинградта жеке абақтыда отырған.

БАҚЫТНҰР ӘЛІБАЙ, Тілші:

- Түрмелерде теріс ағымдарды таратудың басты қаупі - болашақ лаңкестердің қылмыстық ортаға жақындасуы болып отыр. Мамандар, 2012 жылы Алматыдағы ұйымдасқан қылмыстық топтың терроршыларға айналуы соның мысалы дейді. Ал бас мүфтидің ұсынысы қаншалықты тиімді? Ол жағын алдағы уақытта өкілетті органдардан сұрайтын боламыз.

Бақытнұр Әлібай, Нұркен Тоқмурзин

"31 арна"

Muftyat.kz

Бөлісу: