Қазақстанда 12 терактінің жолы кесіліп, 182 азамат жауапқа тартылды

Ел іші
Жарнама

Астанада «Құқық қорғау органдарының экстремизм, радикализм мен терроримзге қарсы әлеуетін күшейту» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтуде.

Халықаралық жиынға Австрия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Әзірбайжан, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан өкілдерінің сарапшылары шақырылған.

Жиын барысында ҚР ҰҚК антиттеррорлық орталық штабы басшысының орынбасары Сергей Швейкин еліміздегі экстремизм мен терроризм бойынша атқарылып отырған шаралар жайында мәлімет берді. Оның айтуынша, өткен жылы республика көлемінде 182 азамат терроризм бабымен жауапқа тартылған.

«2016 жылы 12 эктремистік акцияның жолы кесілді. 182 азамат террористік бап бойынша заң алдында жауап берді. Терроризмді қаржыландырғаны үшін халықаралық террористік ұйымдардың 3 көмекшісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 5 экстремистік топ мүшесі шетелдік әріптестерімізге жіберілді. ҰҚК ақпараттық қолдауының арқасында шетелдік арнайы органдар арқылы халықаралық террористік ұйымдардың 14 мүшесі ұсталған» деді ол.

Сонымен қатар, Сергей Швейкин көптеген азамат интернет желісі арқылы террористік ұйымдардың құрамына өтіп кетіп жатқандығын атап өтті.

«Азаматтарды террористік ұйымдарға тартудың басты құралы интернет екені белгілі. Мұндағы экстремистік мазмұндағы материалдардың саны геометриялық прогрессиямен өсуде. Өткен жылы 700 мың экстремизмді насихаттайтын материал анықталып, көзі жойылған. Бұл көрсеткіш өткен жылы 2015 жылмен салыстырғанда 3,5 есеге, ал 2014 жылмен салыстырғанда 33 есеге өскен» деді ол.

E-Islam.kz

Бөлісу: