Елордалық мұсылмандар үшін «Astana iMuslim» мобильді қосымшасы іске қосылды

Ел іші
Жарнама

Елордалық мұсылман жамағаты үшін «Smart Astana» жобасы аясында «Astana iMuslim» мобильді қосымшасы іске қосылды.

Мұнда күнделікті және бір жылдық намаз уақытының кестесін, Астанадағы мешіттерді, намазханалар мен халал дәмханалардың мекенжайын көруге болады.  Сондай-ақ, құбыла бағытын анықтайтын тұсбағдар орнатылған. Ал, «Сұрақ-жауап» айдарында жамағат арасында жиі қойылатын діни сауалдардың жауабы берілген.

Атап өтерлік жайт, «iMuslim» қосымшасында «Имамды шақыру» қызметі бар. Имамның көмегіне жүгіну опциясы арқылы астаналықтар діни қызметкерді балаға ат қою үшін және құдайы аста құран бағыштау үшін шақыра алады. Ол үшін қолданушылар қосымшадағы өтінішті толтырып жіберу керек.

Азаматтар үшін тағы бір ыңғайлы жағы, «Astana iMuslim» мобильді қосымшасымен «Неке қиюға өтініш беру» мүмкіндігі қарастырылған. Қала мешіттерінде неке қию рәсімінің тәртібі түсіндіріліп, қажетті құжаттар тізімі көрсетілген. Ол үшін міндетті түрде жеке куәліктің түпнұсқасы мен көшірмесі және Неке қию туралы куәліктің көшірмесі немесе АХАЖ бөліміне неке куәлігін алуға тапсырыс бергендігін растайтын анықтама қағазы болуы шарт. Отбасын құруға кез келген ниет білдіруші құжаттардың электронды нұсқасын қолма-қол жіберіп, неке қиюдың күні мен уақытына тапсырыс бере алады. Айта кету керек, бұл тәжірибе бүгінде кеңінен қолданылып жатыр. Әзірге қосымша арқылы астаналықтардан «Нұр Астана» орталық мешітінде неке қиюға өтініштер түсіпті. 

Мұсылмандардың Астанадағы жолсерігі ретінде әзірленген қосымшаны қазақ, орыс, ағылшын тілінде пайдалануға мүмкіндік бар. Бүгінде оны Android,  iOS операциялық жүйесінен мыңнан аса адам жүктеген.

"Нұр Астана" мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: