Бас мүфти жұма уағызын жүргізді (ФОТО)

Бас мүфти жұма уағызын жүргізді (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

31 наурыз. Астана. Ummet.kz - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз жұма уағызын айтты,-деп хабарлайды muslim.kz сайты.

Бүгін, қасиетті жұма күні Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз жұма уағызын жүргізіп, Бас мешіт жамағатымен жүздесті. Еліміздің барлық мешіттері үшін бекітілген кесте бойынша осы жұма уағызы «Тілдің кесапаты» тақырыбына арналған болатын.

Аталмыш тақырып бойынша ой өрбіткен Бас мүфти сөз қадірін сараптай білуге үндеп, әрбір айтылған сөздің батпандай ауыр салмағы мен зардабы болатыны жайлы көркем уағыз айтты. «Басқа пәле – тілден» деген қазақ даналығының түп-төркінін Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетімен сабақтастыра баяндаған Бас мүфти уағызы жамағат үшін тың ақпараттарға толы болды. Жақсы сөз айтудың абзалдығы мен жаман сөйлеудің кесапаты, өсек пен ғайбаттың кесірі секілді түйткілді тақырыптардың да түйіні тарқатылып, Бас мешіт жамағатына жан-жақты мағлұмат берілді. Уағыздың толық нұсқасын «ВИДЕО» айдарынан көре аласыздар!

Он мыңдаған жан сап түзеген Бас мешіттегі жұма намазының имамдығына да Бас мүфти Серікбай қажы Ораз өзі шығып, қалың жамағатты қоңыр дауысына ұйытты. Намаз соңынан Бас мүфти Серікбай қажы Ораз еліміз бен жеріміздің тыныштығын тілеп, жамағатпен бірге дұға жасады.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Бөлісу: