Бас мүфти бірлікке шақырды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

«Бүгінгі әлем әртүрлі әлеуметтік, экономикалық дағдарысты, саяси, ұлтаралық және дінаралық шиеленістерді бастан кешуде. Осы жағдайларда дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісіне куә болып жүрміз». Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі аясында ұйымдастырылған «Бейбітшілік, қауіпсіздік және үйлесімділік үшін әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары арасындағы өзара құрмет пен түсінік негізіндегі сұхбат» атты сессия барысында еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы діннің адамзат өміріндегі мәні мен маңызы жайлы баяндады.  

«Адамзат жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келді. Дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болдық. Дінді өз саяси мақсаттарына икемдеп алған түрлі топтар әлемнің әрбір жерінен көріне бастады. Бүлікшілердің бүкіл әрекеті сөз жоқ дәстүрлі дінімізге деген қарсы әрекет, адамшылыққа да жат амал» деп Ержан қажы Малғажыұлы барша адамзатты бірлікке, татулыққа шақырды.

«Халқымызда «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген нақыл бар. Ортақ мақсатқа жету үшін бәріміз бірігіп, бір-бірімізге көмекші болуымыз керек. Дін - бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру игілігіне өз үлесін қосатын қуатты күш. Сондықтан, сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымаққа және мемелкетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Ал, өзара келісім мен жарасымдылыққа Ислам дінінің қосар үлесі көп» деп бас мүфти ойын түйіндеді.

 

ummet.kz-ақпарат

 
Бөлісу: