Музейде ортағасырлық құдық қайта пайдалануға берілді

Музейде ортағасырлық құдық қайта пайдалануға берілді

Ел іші
Жарнама

14 желтоқсан. АСТАНА. Ummet.kz – Түркістандағы «Әзірет сұлтан» музейінде  Тәуелсіздік күні қарсаңында тарихи жаңалық болды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі ортағасырлық  құдық қайта пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі құдық ХІҮ ғасырда қазылған. Кесене құрылысы аяқталған соң «жамағатхана» бөлмесіндегі алып Тайқазанға су толтырылып, зияратшыларға арнайы тарқатылып отырғаны белгілі.

Құдық ХІХ ғасырдың бастапқы ширегіне дейін жұмыс жасаған. Ал, 1992-1999 жылдар аралығында кесенеге жүргізілген реставрациялық жұмыстарға байланысты құдық суы мүлде жабылған болатын.

«2018 жылдың қазан айында Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Түркістан қаласына ресми сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы ат басын бұрып, ортағасырлық құдықты халық игілігіне жаратып, іске қосу туралы тапсырма бергені белгілі.Осыған орай, құдық суын тазарту жұмыстары жүргізіліп, судың құрамы барлық тиісті сараптамалардан өтіп, тиісті құжаттар дайындалды. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай аталмыш құдық қайта іске қосылып, зиярат етушілер тарихи құдықтан шөлін қандырып су ішетін болады», - деді қорық-музей директоры Нұрболат Ахметжанов.

Құдық айналасы дөңгелене кірпіштен қаланған, диаметрі-80 см. Бұрын су 7-8 метр тереңдіктен шығатын болса, қазір жер асты суларының көтерілуіне байланысты су 5-6 метр тереңдіктен алынады.

20181214144253

20181214144239

Бөлісу: