Рамазан айының құрметіне рухани кеш өтті (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Алматы қаласында «Студенттер» сарайында «Өнер қырандары» театрының «Берекелі-мереке» атты рухани кеші өтті. Бұл жайында ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отырған рухани кеш халықтың көңілінен шықты.

Театр кешіне қазақ сахнасының белгілі өнер жұлдыздары «Заман», «Нұр-Мұқасан», «Сұңқар» топтары, белгілі әнші Қанатбек Полатбек пен Ринат Төре қатысып, мазмұны мәнді діни әндері мен жырларын арнады. Сондай-ақ, дін мен дәстүрімізбен астасқан тағылымды қойылымдардың көрерменін тәнті етті.

Кеш барысында ҚМДБ «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысқанұлы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сәлемін жеткізіп: «Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы белгілі бір себептермен рухани кешімізге қатыса алмағандықтан сіздерге ыстық сәлемін жеткізуді тапсырды. Бұл игі шара қасиетті Рамазан айының қарсаңында Бас мүфтидің бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Әлем елдері қасиетті Рамазан айын қуанышпен қарсы алып, оны құрметпен қимастықпен шығарып салады. Олай болса, рухани кешті ұйымдастырудағы басты мақсатымыз Рамазан айын ерекше ықыласпен қарсы алу. Алла Тағала бұл айда ұстаған оразаларымыз бен жасаған салихалы амалдарымыздың сауабын арттырып, елімізге берекесін, мол ризығын жаудырғай» деді.


ummet.kz-ақпарат

 
Бөлісу: