2019 жылы білім гранттары қалай тағайындалады

2019 жылы білім гранттары қалай тағайындалады

Ел іші
Жарнама

16 сәуір. НҰР-СҰЛТАН. Ummet.kz – 2019 жылдан бастап білім беру гранттары маусым айында өткізілетін ҰБТ сертификатының балдарына сәйкес конкурстық негізде берілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша бейіндік пәндер комбинациясына сәйкес бөлінетін болады.

Білім беру бағдарламаларының тобына жоғары оқу орнының бір немесе бірнеше білім беру бағдарламалары кіреді. Барлығы 97 білім беру бағдарламаларының тобы бар.

Бейіндік пәндер комбинациясы сәйкес келген жағдайда, Сізге білім беру грантын тағайындау конкурсында төртке дейін білім беру бағдарламаларының тобын таңдау мүмкіндігі беріледі. Мысалы, «Биология» + «Химия» бейіндік пәндер комбинациясымен Сіз:

1) «Химия мұғалімдерін даярлау»;

2) «Биологиялық және сабақтас ғылымдар»;

3) «Ветеринария»;

4) «Жалпы медицина» сияқты білім беру бағдарламалары топтарын таңдай аласыз.

Егер Сіз шығармашылық даярлауды талап ететін білім беру бағдарламасы тобын таңдасаңыз, білім беру грантын тағайындау конкурсында Сізге бір білім беру бағдарламаларының тобын таңдау мүмкіндігі беріледі.

Мысалы, «Шығармашылық емтихан» + «Шығармашылық емтихан» комбинациясымен Сіз «Бастапқы әскери дайындық мұғалімдерін даярлау» сияқты бір білім беру бағдарламаларының тобын таңдай аласыз.

Білім беру бағдарламалары топтарының тізімі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланған (https://www.testcenter.kz/ru/entrants/ent/index.php).

Білім беру бағдарламалары топтары бөлінісіндегі гранттар саны бекітілгеннен кейін жоғары оқу орындары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізіліміне сілтеме жасай отырып, ҚР БҒМ және Ұлттық тестілеу орталығының сайттарында орналастырылатын болады.

Сіз грант иегері бола отырып, жоғары оқу орнына қабылдау кезінде білім беру бағдарламаларының тиісті тобынан нақты білім беру бағдарламасын таңдайсыз.

Мысалы, «Химия мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламаларының тобы бойынша грант иегері бола отырып, жоғары оқу орнына қабылдау кезінде Сіз «Химия» немесе «Химия-Биология» бойынша білім беру бағдарламасын таңдай аласыз.

Бөлісу: