Тұңғыш рет: Ұлттық спорт түрлерінен медресеаралық турнир өтті (ФОТО)

Тұңғыш рет: Ұлттық спорт түрлерінен медресеаралық турнир өтті (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

16 сәуір. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен «Астана» медресесінің (директоры – Ибрагим Сматаев) ұйымдастыруымен ҚМДБ-ға қарасты 9 медресе-колледждер арасында І Республикалық ұлттық спорт турнирі өтті, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы мен ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев айтулы шараның мәні мен маңызына, шәкірттердің діни білім алудағы ықыласы мен ыждаһатына тоқталып, салауатты өмір салтын қалыптастырудың артықшылығы жайлы айтып өтті.

Дүбірлі додаға әр медреседен 5 шәкірт қатысты. Шәкірттер арқан тартыс, гір тасын көтеру, қол күрес, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен сайысқа түсті.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан жүлделі жарыста «Әбу Ханифа» медресе-колледжі топ жарып, 1 орынды иеленді. Ал «Астана» медресесі 2 орынды қанжығасына байлады. «Әбу Бәкір Сыддық» медресесіне 3 орын бұйырды.

Жарыс соңында топтан оза шыққан шәкірттер бағалы және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Мүфтият ұжымы тұңғыш рет ұлттық спорт түрлерінен медресеаралық турнир ұйымдастыруға ұйытқы болған «Астана» медресесіне, оның директоры Ибрагим Сматаевқа алғыс білдіреді.

Бөлісу: