Өкіл имам ерекше ерлігі үшін марапатталды

Өкіл имам ерекше ерлігі үшін марапатталды

Ел іші
Жарнама

24 сәуір. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Бүгін Қарағанды облысының полиция департаментінде 2019 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған қызметті қорытындылайтын кездесу өтті. Отырыс барысында полиция департаменті басшысының орынбасары Ерлан Файзуллин Қарағанды облысының өкіл имамы Өмірзақ Қазкенұлы Бекқожаны төтенше жағдайда көрсеткен азаматтық ерлігі үшін ІІМ-нің логотипі бейнеленген арнайы сағатпен марапаттап, басшылық атынан үлкен алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, 17 сәуірде 34 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны отбасылық жанжалдың салдарынан туысқандарын үйден қуып шығып, өзінің кішкентай қызының мойынына пышақ ұстап, кепілдікке алған болатын. Пәтерге полиция қызметкерлері келген кезде азамат өзінің қызын өлтіретінін мәлімдеп, автокөлік талап етіп облыстық «Әнет баба» мештіне баратынын жариялаған. Кішкентай қыздың қауіпсіздігі үшін азаматпен келіссөзге отырған полицей қызметкерлері қылмыскермен ілесіп облыстық мешітке келген. Мешіт айналасына жедел қызметкерлер топтастырылып, қоршауға алынды. Ал мешіт ішіндегі келіссөздерге полиция қызметкерлерімен бірге облыс өкіл имамы араласып, азаматқа тоқтау айтып, оны райынан қайтарды. Арнайы жасақ пен облыс имамының танытқан ерлігінің арқасында қылмыскер қолға түсті. Операция барысында ешкім зақым шеккен жоқ.

Өткен жылы өзіндік ерлік танытқан азаматтардың қатысуымен 31 қылмыс ашылып, 480-нен астам құқықбұзушылықтың алды алынған. Полиция департаментінің басшылығы 35 азаматты құттықтап, 6 азамат қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Бөлісу: