19
Пт,
апр

һижри

Дәретханаға қатысты сақ болу керек тыйымдар

Дәретханаға қатысты сақ болу керек тыйымдар

Мақалалар

Ислам – тазалық діні. Адамзат қауымына ескертуші әрі қуандырушы болып келген соңғы елші Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) біздің өмірге келгенімізден бастап соңғы деміміз біткенге дейінгі барлық жағдайлардың өз әдеп-ережелерін үйретіп кеткен. Соның бірі – дәретханаға қатысты әдептер.

1) Дәретханаға Алланың аты жазылған затты кіргізуден сақ болыңыз! Сахаба Әнас (р.а) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәретханаға кірерде қолындағы жүзігін сыртқа қойып кететіндігін айтқан (себебі, жүзікте Алланың есімі мен Пайғамбардың аты болған) (Муслим, Тирмизи, Ибн Мәжаһ)

2) Дәретханаға кірмес бұрын жын-шайтандардан пана тілеу – өте маңызды.  Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәретханаға кірерде «Алланың атымен! Иә, Алла, шын мәнінде, мен ер және ұрғашы жын-шайтандардан Өзіңе сиынамын», - деп айтатын. (Бұхари, Муслим, Әбу Дәуд, Тирмизи)

Дұғаның оқылуы: «Бисмилләһ! Аллаһуммә инни әъузу бикә минәл хубси уәл хобәйс»

3) Дәретханаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шыққан дұрыс. Шыққанда «Иә, Алла, кешіріміңді сұраймын» (Ғуфранәкә) деп айтылады.

4) Жолдың бойына және көлеңке жерге дәретке отырудан сақтаныңыз. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Екі ләйіннен сақтаныңдар!» - дейді. Бұл сөздің төркіні түсіне алмаған сахабалар: «Иә, Алланың Елшісі, «екі ләйін» дегеніңіз кімдер?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Олар – адамдар жүретін жол мен олардың отыратын көлеңкесіне дәрет сындырушылар», -деген. (Бұхари, Муслим, Тирмизи, Ахмад)

5) Суға, әсіресе, ағысы жоқ суға дәрет сындырудан сақтану керек. Сахабалардың бірі Жәбир (р.а): «Шынында, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тоқтап тұрған суға дәрет сындыруға тыйым салған», - деген. (Бұхари, Әбу Дәуд, Ибн Мәжаһ)

6)  Дәрет сындырып жатқанда ешкіммен тіл қатып сөйлеспегеніңіз абзал. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Екі кісі әуреттерін ашып үлкен дәретке отырғанда бір-бірімен әңгімелеспесін. Расында, Аса Жоғары Мәртебелі Алла бұған жиренішпен қарайды», - деген. (Бұхари, Муслим, Әбу Дәуд, Тиримизи, Ахмад)

7) Дәрет сындырған адам мүмкіндігінше сол аяғына салмақ түсіріп отырғаны дұрыс. Бұл – ғылымда да дәлелденген ақпарат. Салмақ сол жаққа көбірек түссе, дәрет сындыру оңай әрі жылдам болады, сонымен бірге бұл қуық, бүйрек секілді ағзалардың жұмысын жеңілдетеді. Сәрақаһ бин Мәлик (р.а): «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізді дәрет сындырғанда сол аяғымызға салмақты көбірек түсіріп, оң аяқты бос қоюға үйретті», - деген. (Тирмизи №1295, Ибн Мәжаһ №3381)

Міне, бұл – ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен дәретханаға қатысты әдептер. Мұны білу бір басқа, ал амалға асыру – мүлде басқа болмақ. Ендеше, шама келгенше осы әдептерді сақтап, таза жүрсеңіз, бәле-жала, жын-шайтанның кесірінен мейлінше аулақ болатыныңыз анық.

ummet.kz

Поделиться: