“Пайғамбарымызға (с.ғ.с.)
1 000 000 салауат”
жолдаңыз

Бүкіл адамзатқа жіберілген соңғы Пайғамбарға деген сүйіспеншілік Аллаға иман келтірген әрбір мүміннің жүрегінің төрінен орын алатыны мәлім. Алла Елшісінің (ﷺ) хазреті Омарға (р.а.) «мені өзіңнен артық сүймейінше иманың толық болмайды» деуінен-ақ Расулуллаға (ﷺ)  деген сүйіспеншіліктің қаншалықты маңызды екенін байқаймыз. Ал енді Пайғамбарымызға (ﷺ)   деген махаббаттың көрінісі күнделікті өмірімізде қалай байқалмақ?

Біріншіден, сүннеттерге мұқият болу арқылы байқалады. Сүннет амалдар – мұсылманның өмірін әсемдейтін, мінезін көркемдейтін, мінін жасырып, әрбір әрекетін ғибадат деңгейіне көтеретін Пайғамбарымыздан (ﷺ) бізге қалған аманат. Ендеше аманатқа көзінің қарашығындай қараған исі мұсылман сүннетті де дәріптеп, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне сіңіре білген. 

Екіншіден, салауат жолдау арқылы. Жалпы дұға мұсылманның һәм қаруы, һәм қорғаны. Таразыда ауыр басатын, тілге жеңіл, пендеге салмақ салмайтын құлшылық десек, дұғаның көптеген түрінің бірі – салауат. 

Салауат айту арқылы Пайғамбарымыздың (ﷺ)  шапағатынан үміттенеміз, сүйіспеншілігіне қол жеткіземіз, иманымызды кәмілдендіреміз. Осылайша Алла Тағала тарапынан барша мұсылманға бұйырылған діни міндетімізді де орындаған боламыз. Өйткені қасиетті Құранда «Шынында, Алла мен періштелері Пайғамбарға салауат жолдайды. Әй, иман келтіргендер, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, сәлем жолдаңдар!» (Ахзаб сүресі, 56) деп бұйырады. 

Ал, үмметіне ерекше мейірімді Мұхаммед пайғамбар (ﷺ): «Қиямет күні маған ең жақын болатын кісі – ең көп салауат айтқан адам»  деген екен. Иә, ата-анасы баласынан, баласы ата-анасынан безінген сол бір шақта барша мұсылманға шапағат көрсететін бір ғана аяулы жан болады, ол – Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ). 

Басқа бір хадисінде «Жер бетін аралайтын Алланың періштелері үмбетімнің салауаты мен сәлемін маған сол сәтте жеткізеді»  делінген. Олай болса, пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ) деген сүйіспеншілігіміздің көрінісі әрі Оған бір қадам жақындау мүмкіндігі – Оның (ﷺ) ғазиз рухына салауат жолдау. 

Алла Елшісінің (ﷺ) өзі үйреткен салауат түрлерінен бөлек әрбір тақуа, ғұлама, Алла достарының терең мағына мен сырға толы өзіндік салауаттары болған.  Кей деректерде ең көп хадис жеткізген ғалым сахаба Әбу Хүрәйраның (р.а.) күніне 12 000 салауат оқығаны айтылады. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (ﷺ) дұғасының төрттен бірін салауатқа арнаған кісіге «Салауатты одан да көп айтсаң жақсы болар еді» деп ескерткені белгілі. «Онда дұғамның үштен бірінде салауат оқиын» дегенде, «Әлі де көбейтсең» дейді. «Ендеше дұғамның екіден бірін салауатқа арнаймын» дегенде «Одан да көп айтқаның өзің үшін абзал» деген екен.

Хадистерден және ілім иелерінің жазғандарынан Пайғамбарымыздың (ﷺ) ғазиз рухына салауат жолдау күнәлардың кешірілуіне, дәрежеміздің артуына, Алланың мейіріміне бөленуге, дұғаларымыздың қабыл болуына, екі дүниеде де қажеттіліктеріміздің өтелуіне, иманымыздың артуына және тағы басқа көптеген нығметтерге жол ашатын кілт екенін байқаймыз.

Ендеше "Нұр Астана" мешітіне қарасты "Ummet.kz" сайты мәуліт мерекесіне орай "Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) 1 000 000 салауат" атты жоба бастады. Көп түкірсе көл болады демекші, ниетіміз - барша қазақ бірауыздан бір мезгілде оқыған салауаттары арқылы еліміз Алланың мейіріміне, Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүйіспеншілігіне бөленсе, әрбір атсалысқан кісі сауапты амалдан теңізден тамшыдайын үлес алса дегендік.

Әр қайсымыз жеке-жеке осынша салауат оқымасақ та, хадисте айтылғандай "барша мұсылман бір дене секілді" бірігіп, бірлесіп, 1 000 000 салауаттың сауабына ортақтасайық. Есеп күнінде Расулулланың (ﷺ) шапағатына, жүгіміздің жеңілдеуіне, жүзіміздің ақ болуына сеп болар ізгі амалдан құр қалмайық, ағайын.

Алла сөзімізде берік, ісімізде адал, абыройымызды биік етсін!

Ескерту: Оқимын деп ниеттенген салауат мөлшерін 10-желтоқсанға дейін бітіру шарт.

Салауаттың қасиеті жайлы хадистер

  • «Менің үмметімнен қайсысы шын ықыласымен маған бір рет салауат айтса, Алла Тағала оған он рет рахмет жолдайды, оның дәрежесін он есе көтереді. Оған он сауап жазып, он күнәсін кешіреді». (Хадисті имам Нәсаи риуаят етеді.)
  • Алланың Елшісіне (ﷺ) бір сахаба: «Мен бүкіл дұғамды сізге ғана арнасам қалай болады? - деп, сұрағанда, Ол (ﷺ): Егер солай істесең, әлбетте Алла сенің дүниедегі және ақыреттегі қажеттілігіңді өтеген болар еді», - деп жауап берді. (Хадисті имам Ахмад риуаят етеді.)
  • «Пайғамбарыңа салауат айтпайынша, дұғаң аспан мен жердің арасында бөгеліп, көтерілмей тұрады». (Хадисті Омар ибн Хаттабтан (р.а.) Имам Тирмизи риуаят етті.)
  • Бір кісі Алланың Елшісіне (ﷺ): «Мен сіз үшін бүкіл дұғаларымды арнасам қалай болар екен? - деді. Алланың Елшісі (ﷺ): Егер сен солай етсең, бүкіл күнәларың кешірілген болар еді», - деді.
  • «Қандай да бір мұсылман маған салауат айтса, періштелер ол кісіге дұға етеді. Қаласа ол кісі көбейтсін, қаласа мейлі аз айтсын». (Хадисті Ибн Мәжә риуаят етеді.)

Салауаттың түрлері

Ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арнап салауат айтудың көптеген түрлері бар. Алайда күнделікті бес уақыт намазда оқылатын осы салауат түрін Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзі ұсынған және барша мұсылманға мәлім.

Аллаһуммә салли аьлә Мухаммәдин уә аьлә әәли Мухаммәдин кәмә салләйтә аьлә Ибраһимә уә аьлә әәли Ибраһимә иннәкә Хамиидун Мәжиид

Аллаһуммә бәәрик аьлә Мухаммәдин уә аьлә әәли Мухаммәдин кәмә бәәрактә аьлә Ибраһимә уә аьлә әәли Ибраһимә иннәкә Хамиидун Мәжиид

***

Әнәс ибн Мәліктен (р.а.) риуаят етіледі: Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деді: «Кімде-кім қасиетті жұма күні былайша салауат айтса Хақ Тағала оның сексен жылдық күнәсін кешіреді». 

Аллаһуммә салли аьлә Мухаммәдин абдикә уә расули нәбииуль әнбиә

***

«Әзкар» атты еңбекте Әбу Сағид әл-Хұдриден (р.а.) мынадай риуаят келеді: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деді: «Әрбір пақыр адам садақа берген адамның сауабындай сауапқа қол жеткізгісі келсе, мына бір салауатты айтсын:

Аллаһуммә салли аьлә Мухаммәдин әбдикә уә расуликә уә салли әләл мумининә уәл муминәт уәл муслиминә уәл муслимәт»

***

«Әзкәр» кітабынан алынған салауат: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Маған осы салауатты айтқан адамға ақыретте Раббымның құзырында шапағат етемін».

Аллаһуммә салли аьлә рухи Мухаммәдин фи әруәх уә салли аьлә жәсәди Мухаммәдин фи әжсәд уә салли аьлә қабри Мухаммәдин фи қубур

Салауат алу:

Кем дегенде 100, көп дегенде 10 000 салауат алуға болады.

Алушылар тізімі