25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Сәбилерді мешітке әкелуге бола ма?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ:

Кей адамдар мешітке кішкене балаларын әкеліп жатады. Кейде ол онда тыным таппай улап-шулап мазаны қашырады. Жалпы сәби баланы мешітке әкелу дұрыс па? Рахмет.

 

Абдірахман

         Жауап:

Шариғатта кішкене балаларды мешітке әкелуге тыйым салынбаған. Егер ол кішкене бала ақ пен қараны ажырата алатын болса, намазға қызықтыру үшін, Аллаға ғибадат үшін жиылған имани ортаға сүйсіндіру мақсатында ол баланы мешітке жетектеп келу мустахаб, жақсы көрілген амал болады. Алайда бұл баланы мешіттегі намаз оқушыларға кедергі жасамауға, мешітте тәрбиесіздік жасамауға үйрету керек. Баланы әдепке үйрету жұмсақ сөзбен, мейірімділікпен болуы шарт етіледі. Баланы қорқытып істетуге, немесе зекіп сөйлеу арқылы тәрбиелеуге болмайды, керісінше тентектігіне сабырлық танытып, кешіріммен қараған жөн. Себебі кей намазхандардың ұрысуы мен зекіп сөйлеуі жас баланың көңілінде реніш туғызып, оны бұл жерге келуінен сескенуіне әкелуі мүмкін. Баланы тәрбиелегенде оның мешітке деген сүйіспеншілігін ояту көзделеді. Мешітке сүйіспеншілігінің оянған бала хадистегі қиямет күні Алланың көлеңкесін паналайтын жеті адамның бірі болады деп үміттеледі. Ол хадисте «Жүрегі мешітке байланған адам» туралы айтылған. Әсілінде мешіт берекет пен мейірімділікке толы мекен.

Балаларды мешітке әкелудің рұқсат екеніне дәлел ретінде ғалымдар мына хадистерді ұсынған. Мысал ретінде Бухари мен Муслимнің жеткізген мына хадисын айталық: «Қатада әл-Ансари (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қолына немересі Зейнеп қызы Умаманы ұстап тұрып намаз оқитындығын айтқан». Ибн Хажар әл-Асқалани «Фатхул-Бари» кітабында осы хадисті ашықтай келе: «Осы хадиспен сәби балалардың мешітке әкелінуіне болатындығына дәлел жасалған» – деді.

Сол сияқты Имам Ахмад, Абу Дауд, Тирмизи, Насаи, Ибн Мажа, ибн Хиббан және Хакимдер Бурайдадан (р.а) мына хадистен жеткізген: «Бірде Пайғамбар (с.ғ.с) хұтба айтып тұрғанында үстілеріне қызыл киім киген Хасан мен Хусейн беттеп келді. Екеуі де киімдеріне шалынып, оралып жүрген еді. Бұны көрген Алла елшісі (с.ғ.с) мінберден түсті де екеуін екі қолына алып қайта мінберге шығып бүй деді: «Алла إِنَّمَا أَمْوَالُكُمْ وَأَوْلَادُكُمْ فِتْنَةٌ (Шын мәнінде малдарың, балаларың бір сынақ) деп ақиқатты айтты. Мына екі баланың шалынып, киімдеріне оратылып жүргенін көргенде шыдай алмадым, сөзімді бөлдім де оларға түстім»–деді».

Осы екі хадис және де басқа хадистерге сүйеніп ғұламалар кішкене баланы мешітке әкелуге рұқсат берген. Бірақ сөз ұқпайтын, тентектігінен тыйылмайтын балалар бұның қатарына кірмейді. Алайда ол балаға да жұмсақ сөзбен насихат айту керек. Ең дұрысын бір Алла ғана біледі.

Ummet.kz

Бөлісу: