Ислам ақидасының орта жолды ұстану себебі

Ислам ақидасының орта жолды ұстану себебі

Ақида
Жарнама

Ислам ақидасы бірқатар сенім жүйелерімен салыстырғанда (табиғаттан тыс күштерге, өзге де беймәлім алапат күштерге, бір құдайға емес, бірнеше құдайға сенім, адам өлгеннен кейін оның жаны басқа тәнге өтетініне сенім т.б.) нағыз орта жолды ұстанады.

Сондай-ақ, ең негізгісі Аллаға ешқандай серік қоспастан басқа құдайлардың жоқ екендігіне деген сенімге құрылған. Бұл жайында аятта былай делінеді: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Егер білсеңдер жер жүзі және жер бетінде болғандар кімдікі?» – де. Олар дереу: «Алланыкі», - дейді. «Ендеше одан неге тағылым алмайсыңдар?», - де. «Жеті қабат көктің Раббы және ұлы ғарыштың Раббы кім?»,- де. «Алла»,- дейді. «Онда оның қаһарынан қорықсаңдар етті»,- де. «Барлық жаратылыстың иелігі кімнің қолында? Біле білсеңдер, айтыңдаршы адамдарға пана бола алатын кім? Оған қарсы тұра алатын кім, бәріне пана бола алатын кім?»,- деп сұра. «Алла»,- дейді олар. «Сендер қалайша алдандыңдар?»,- деп сұра» (23.Муминун, 84-89).

Ислам ақидасы Алланың сипаттары жайында да орта жолды ұстанады. Яғни, яхудилер секілді Алланы адамға (Алла сақтасын!) ұқсатудан аулақ. Сонымен бірге, мұсылмандық сенім Алланы нұқсан сипаттардан пәк деп қабыл етеді. Алланы басқа бір бейнеге ұқсату мүмкін емес, өйткені Ол жаратылған ешқандай затқа ұқсамайды. Себебі, бұл жайт Құранда: «Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол Алла әр нәрсені естуші, толық көруші» (42.Шура-11), - деп, айдан анық айтылады.

Исламның ақида жүйесі өзге сенімдегілермен қарым-қатынаста да орта жолды ұстана отырып, олардың сенімдеріне қолшоқпар да болмайды һәм оларды даттамайды. Өйткені, бұл жол – ең дара, ең тура, ең үлгілі және ең ақиқи жол. Сондықтан ешкімнің сеніміне қосылмайды. «Менің тура жолым осы. Сол жолмен жүріңдер, бұрыс жолға түспеңдер. Олар сендерді Құдай жолынан тайдырады. Тозақтан сақтануларың үшін сендерге Алла осы істерді өсиет етеді» (6.Әнғам-153). «(Мұхаммед (с.а.у.) Онда Аллаға тәуекел қыл. Өйткені, сен нағыз таза дін жолындасың» (27.Нәміл-79).«(Мұхаммед (с.а.у.)) Сен сондай өзіңе уахи етілген Құранға жабыс. Сен шын мәнінде тура жолдасың» (43.Зухруф-43) аяттары өзге сенімге жалтақтаудың қажеті жоқ екендігін, әрі ең тура жол исламның бұйырған шынайы жолы екенін пай етеді.

«(Мұхаммед (с.а.у.) Міне сол үшін ақиқатқа шақыр, бұйырылғандай мықты тұр. Олардың ойларына ілеспе және оларға: Алла келтірген кітапқа иман келтірдім. Сондай-ақ араларыңда әділдік қылуға бұйырдым. Алла біздің де Раббымыз, сендердің де Раббыларың, біздің ісіміз бізге, сендердің істерің - сендерге тән. Біздің өзара тайталасуымыздың жөні жоқ. (Қиямет күні) біздің басымызды бір жерге қосатын Алла. Соңғы баратын жеріміз де Алланың құзыры» (42.Шура-15). «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән, де» (109.Кафирун-6). «(Мұхаммед (с.а.у.) Егер сені өтірікші етуден танбаса, онда: «Менің іс-әрекетім өзім үшін де, сендердің іс-әрекеттерің өздерің үшін. Менің ісімнен сендер аулақсыңдар, мен де сендердің істеріңнен аулақпын»,- деп айт» (10.Юнус-41) аяттары біздерге өзге дін иелерімен қалай қатынас жасау мен мәмле жасау керектігін үйретеді. Демек, өзге дін иелеріне қарсы ешқандай орашолақ әрекетке бармағанымыз абзал екен. Ең дұрысы өзге жолды ұстанған жандарға айтар бір ғана мәселе бар. Ол өзге діндегілерді хақ дін исламға үндеу: «Рас! Мен мұсылмандарданмын деп Аллаға шақыра отырып, ізгі іс істеген кісіден сөз тұрғысынан жақсы кім бола алады?» (41.Фуссилат-33). Сонымен бірге, ислам әмәнде күштеп, зорлап дінге кіргізуге қарсы. Құранда сенім еркіндігі жайлы: «Бұл хақиқат (Құран) Раббыларыңнан» де. Сонда кім қаласа сенсін, кім қаласа қарсы келсін» (18.Кәһф-29), ‑ деп, анық ескертілген.

Олай болса, Жаратушыға деген сенім - әркімнің өз қалауында. Алла және бір аятта былай дейді: «Дінде зорлық жоқ. Расында туралық азғындықтан ажыратылды» (Бақара-256).

Ислам ақидасы пайғамбарларға иман ету мәселесінде де орта жолды ұстанады. Ешқандай пайғамбарды құдай дәрежесіне көтермейтін өз алдына, сол секілді ешбір пайғамбарды ең төмен адам деңгейіне де түсірмейді. Ислами ақиданың қағидасы бойынша пайғамбарлар да адам. Бірақ, Алла оларға уахи беру арқылы мәртебесін көтерді және үлкен күнә істеуден қорғап, Өз бақылауына алып, оларды барлық жағынан адамдарға үлгі етті.

материал «Ислам ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: