Құран Кәрімде мәзһаб ұстану туралы айтқан ба?

Құран Кәрімде мәзһаб ұстану туралы айтқан ба?

Ақида
Жарнама

Құран Кәрімде мәзһаб ұстану жайлы ашық бір аят жоқ және мәзһаб имамдары жайлы да айтылмаған. Алайда Құран Кәрімнің бізден бұрынғыларға, бізге және бізден кейін ақыретке дейін келетін барша адамзат баласына жіберілген қасиетті кітап екенін ұмытпағайсыз.

Рас, Құран Кәрімнің өмірімізге жол көрсетер шырақ екенін, онда барлық тақырыптың қамтылғанын мойындаймыз.

«Ниса» сүресінің 58-аятында: «Алла сіздерге аманатты иесіне беруді әмір етті» деп бұйырады. Бұл аяттың біздің барлық ісімізге қатысы бар. Алла Тағала біздерге әрбір аманатты иесіне беруімізді бұйырады. Құран Кәрім және Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен үкім шығару, бір мәселе бойынша пәтуа беру, яғни ижтиһад жасау аманат болфп саналады. Сіздің ойыңызша, бұл аманаттардың иесі кім? Және бұл аманаттар кімдерге берілген?

Жүз мың хадистің жеткізушілері, яғни тізбегімен бірге жаттағандарды «хафизу әл-хадис» деп атайды. Сондай-ақ, осы хадис хафиздарының өзі фиқһта бір мәселе туындағанда, мәзһаб ғалымдарының шығарған пәтуасымен амал етеді.

Фиқһ ілімінде «мұжтаһид фи шарғ», «мұжтаһид фил-мәзһаб» және «мұжтаһид фи мәсаил» мәртебесіне ие ғалымдардың шығарған үкімі аманат бола ма? Имам Ғазали, Имам Раббани, Имам әл-Жассас, Имам Суюти секілді өз дәуірінің бірін ұстанған. Имам Малик хадис риуаят ететін уақытта, дәрет алып, таза киім киіп, миск жағып барып, адамдардың алдына шығып, оларға құрмет көрсетіп, мейіріммен хадис оқитын. Осындай әдепті, тәрбиелі, білімді адамның айтқан пәтуасы ма, әлде осы заманның сұрқылтайының пәтуасы аманатқа лайықты ма?

Ойланып қараңыз, хадис жеткізуде һәм пәтуа шығаруда өзіне биік талаптар қоя білген Имам Малик ижтиһадта аманаттың егесі бола ала ма? Жоқ, әлде хадис ғылымынан еш хабары жоқ адамды ижтиһад аманатшысы дейміз бе?

Құран бізге әр ісімізде аманатты көтере алатынға, күші жететінге бер дейді. Сонда ижтиһад аманатын алып жүруге кім лайықты?

Көзді, тілді және ақылды өз мақсатына сай пайдалану да аманат. Құран кәрім аяттарының жалқы және жалпыға бірдей айтылғандарын мәзһабымызда әрі өміріміздің сан-саласына бұйырылған ретпен қолданамыз. Қолдануға міндеттіміз.

«Әли Имран» сүресінің 110-аятында Алла Тағала былай деп бұйырған: «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, жамандықтан тыятын, сондай-ақ Аллаға сенетін қайырлы бір үмбет болып шығарылдыңдар».

Алла Тағала біл аятта жалпы үмбетке және көпшіліктің ішінен суырылып шыққан ғұламаларға жақсылыққа шақыруды және жамандықтан тыюға міндеттелген. Міндетті мойнына алған үмбет, яғни біздер Құран және сүннетті негізге ала отырып, жақсы дегенді жақсы, жаман дегенді жаман деп қабылдауға міндеттіміз. Мұның қате болуы мүмкін емес. Себебі настың (Құран мен сүннет) жақсылықтан тыйып, жамандыққа шақыруы мүмкін емес. Егер мүмкін десек, бұл сөзіміз Құран мен сүннетке қарсы болар еді.

Осыған бәтуалассақ, «ғалымдар тек қана жақсылыққа шақыратын және жамандықтан тыятын өсиет қалдырған» деген қорытынды шығарамыз. Үмбеттің дін шырақшылары (ғалымдар) XIV ғасырдан бері мәзһабтарға тыйым салмаған, керісінше, бір мәзһабты ұстануымызды жөн көрген. Енді осы айтқандарыма байланысты мысал айта кетейін:

Имам Ғазали (р.а): «Мұжтаһид емес адам бір мәзһаб имамына еруі керек. Муқаллидтің, яғни Құран Кәрімнен және хадистен үкім шығара алмайтын жанның бір мәзһабты ұстанбауы және имамның ижтиһадына мойынсұнбауы жайыз емес. Жайыз деген ешкім жоқ. Қай жағынан болса да, мәзһаб ұстануы шарт. Кез келген мәзһаб имамдарына тіл тигізу – ерсі қылық және күнә. Бұл ғасырда өмір сүргендердің арасында мұжтаһид жоқ. Мұжтаһид бола алмайтынымз үшін де, мәзһаб имамдарының шығарған үкімдерін орындауға міндеттіміз. Сұрақ қойса, мәзһаб имамының ұстанымы бойынша жауап беруге де міндеттіміз. Мұны жоққа шығару күнә істердің қатарына жатады», - дейді.

Ахмад ибн Мұхаммед Тахауи хазірет: «Фиқһ ғалымдарынан бір қарыс бөлінген жан қателікке бой алдырады. Қазіргі уақытта төрт мәзһабтың бірін ұстанбаған адам әһл-бидғат саналып, пейіштен құр қалады», - дейді.

Имам Раббани хазірет: «Мәзһаб ұстанбау жән мізһабсыз болу – илхад, яғни күпірлік. Төрт мәзһабтың ешбірін ұстанбау, маңдайындағы «Ислам» белгісін сылып тастаумен парапар», - дейді.

Имам Малик: «Қазір жер бетінде өмір сүрген барлық мұсылмандар муқаллид. Олардың бір мәзһабты ұстануы міндет. Бір муқаллид қаншалықты ғалым болса да, ижтиһад жасай алмайды», - дейді.

Ибн Абидин: «Ислам ғұламалары былайша ижмағ жасаған – һижраның төртінші ғасырынан кейін ешкім жалғыз өзі ижтиһад жасай алмайды», - дейді.

Шейхул-Ислам Зәкәрия хазірет: «Мәзһаб имамдары мағынасы анық емес аят пен хадистерді түсіндірмегенде, олардың ешбірін түсінбей, қате жорамалға барушы едік», - дейді.

Имам Шафиғи хазірет: «Имам Ағзам Әбу Ханифаның пікірлерін және ижтиһадын мойындамаған жанға Алла Тағаланың лағынеті жаусын! Өйткені барлық мұжтаһидтер Имам Ағзам Әбу Ханифаның балалары секілді», - дейді.

Мәзһаб ұстанудың қажеттілігі хақында ғұламалар айтқан һәм айтылатын тұжырымдарды жинасақ, бір кітап болар еді. Өйткені он ғасыр бойы барлық дін ғалымдары мәзһабтардың бірін ұстануды өсиет еткен. Мәзһабсыз болуды жөн санамаған. Осы айтқандарыммен тоқтайын. Себебі он ғасыр бойы осы мәселе төңірегіндегі ғалымдардың айтқан өсиеттерін тізіп шығу мүмкін емес. Егер ғұламалардың мәзһабты ұстануға қатысты тұжырымдарына жеке-жеке тоқталғыңыз келсе, оларды өзіңіз оқып шықсаңыз құба-құп көремін.

Жоғарыда, «Әли Имран» сүресінің 110-аятында бұл үмбеттің қайырлы бір үмбет болуының негізгі себебі жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю болғанын айтып өттім. Яғни жақсылыққа шақыру, жамандықтан қашыру – бұл үмбеттің негізгі міндеттерінің бірі.

Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Үмбетім еш уақытта қатеде бірікпейді», - дейді. Ал жоғарыдағы пікірлерге келетін болсақ, ғұламалар мәзһаб ұстануға қатысты ортақ көзқарасты ұстанған. Мінекеи, Құран Кәрімнің «Бұл үмбеттің міндеті – жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю» аяты мен Хақ Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) «Бұл үмбет еш уақытта қатеде бірікпейді» деген хадисін қорытар болсақ:

Бір мәселе төңірегінде ынтымақтасу ешқашан қателік пен адасушылыққа бастамайды. Бір мәселеде ынтымақ болса, ол хақ болуы тиіс. Олай болса, бір мәзһаб ұстану да міндетті болуы керек. Ал Ислам ғалымдарының барлығы мәзһаб ұстануға бұйырып, өздері де бір мәзһаб ұстанған.

Ғалымдарымыз мәзһабқа еру керек екенін тілімен ғана айтып қоя салмай, қалың бұқарамен бірге өздері де фиқһ мәселелерінде мәзһаб мұжтаһидтеріне тақлид еткен.

материал «Мәзһабсызбен сұхбат» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: