Алла Тағаланың о дүниеде мумин пенделеріне көрінуі

Ақида
Жарнама

Әһли сүннет бойынша ақыретте муминдер Алла Тағаланың көрінуін әрі ақли тұрғыдан, әрі нақли тұрғыдан уәжіп деп есептейді. Олай болса, ақыретте муминдер Алланы көретін болса, қалай, немен көреді деген сауал еріксіз ойға келері анық.

Ғалымдарымыз бұл сұрауға былай деп жауап беруге тырысады: «Алла бір мекенде, бір бағытта, бір жерде болмастан, бетпе-бет те болмастан, көзге шағылыспастан және көруші мен Алла Тағала арасында белгілі бір қашықтық болмастан көрінеді». Сонымен қатар, Алланы көру үшін осы дүниедегі тіршілік әлемін көрудегі шарттар қажет емес дейді.

 Әһли сүннет ғалымдары Алла Тағаланың мүмин пенделеріне көрінетіндігіне мынадай дәлелдерді келтіреді:

  1. Құранда: «Қиямет күні кейбір жүздер жарқылдап, Раббына қарайды» (75.Қиямет, 22–23) мағынасында айтылған аят муминдердің қиямет күні жәннәтта Аллаты көре алатындығының дәлелі.
  2. «Сондай жақсы іс істегендерге жақсылық әрі артығы да бар» (10.Юнус-26) аятында айтылған артық – сөзінің екінші бір мағынасы Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқаны секілді Алланы көру. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Жәннәттықтар жәннәтқа кірген кезде Алла Тағала жәннәттықтарға: Тағы да беруімізді қалаған бір нәрсе бар ма? – дейді. Олар: Сен біздің жүзімізді ағартпадың ба? Бізді жәннәтқа кіргізіп, оттан құтқармадың ба? Тағы не сұраймыз? – дейді. Осыдан кейін Алла пердені ашады. Бұдан кейін жәннәттықтарға Раббыларына қараудан да ұнамды бо- латын бір нәрсе берілгендей болмайды», деп айтып болған соң, жоғарыда айтылған аятты оқыған» (Муслим, Иман – 80; Тирмизи, Жәннәт – 16).
  3. Бұл тақырыпқа келесі бір дәлел ‑ Хазіреті Мұсаның (а.с.) Алла Тағаладан өзіне көрінуін өтінуі. «Ағраф» сүресінің 143-аятында Хазіреті Мұса (а.с.): «Раббым, маған өзіңді көрсет. Сені көрейін» дейді. Шындығында Хазіреті Мұса (а.с.) Алланың ең ұлы елшілерінің бірі болғандықтан Алланы жетік біліп, жаратылғандарға ұқсаудан пәк екендігін айдан анық білетін. Сонда да ол Алланың көріну сипатына сеніп, өзіне көрінуін өтінеді. Егер Алланы көру мүмкін болмағанда, Хазіреті Мұса (а.с.) мұндай тілек білдірмес еді. Алланы көре алмайтындығын біле тұра Хазіреті Мұсаның бұлай деуі, Алланы толық білмейді, білімі жетпейді, қала берсе, Алланың заты мен сипаттарын білмейді деген ұғымға келеді. Пайғамбарға мұндай кемшілік айтудан Алла сақтасын. Асылында, пайғамбарлар ақылды, алғыр, білімді болады. Олай болса, уахи келген пайғамбар Алланың сипаттарын білмейді деп айту дұрыс болмас.
  4. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Алланың ақыретте көрінетіндігі жайлы басқа бір хадисте былай дейді: «Жәрир ибн Абдулланан (р.а.) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір толған ай түнінде айға қарап былай дейді: «Әлбетте, сіздер мына айды көрген сияқты Раббыңызды да осылай көресіздер. Оны көруде қиыншылыққа кездеспейсіздер. Күн шықпастан және батпастан бұрын сіздерге ауырлық келтірмейінше, күшіңіз жетсе, намаздарыңызды уақытында оқыңыздар, уақытын жіберіп алмаңыздар». Жәрир: «Аллатың Елшісі осыдан кейін мына аятты оқыды», - дейді. «Күн шығудан бұрын да, батудан бұрын да Раббыңды мадақта» (Таһа- 130). (Бухари, Мәуақит-6, 26; Муслим, Мәсәжид-211).
  5. Сүннит каламшыларының көпшілігі бұл жайында «уужуд» дәлелі деген дәлелді алға тарта отырып, Алланың ақыретте көрінетіндігін айтады. Бұл дәлел бойынша, бір нәрсенің көрінуінің басты себебі, оның бар болуында. Алла Тағала бар болғандықтан Оның көрінуі хақ.
  6. Сахабалар Хазіреті Пайғамбардың (с.а.у.) Миғражда Алланы көріп-көрмегендігі жайында тартысады. Бұл дегеніміз Алланың көрінетіндігіне дәлел бола алады. Себебі ақылды кісілер тек мүмкін болатын нәрсе жайында ғана тартысады.
  7. Бір күні Имам Шафиғиге қолдарында қағаз ұстаған бірнеше адам келеді де, имамнан мына аят жайлы сұрайды: «Жоқ, олай емес. Негізінде олар ол күні Раббыларының дидарынан махрұм қалады» (83.Мутаффифин-15). Имам Шафии олардың қолдарындағы қағазына былай деп жаздырады: «Олай болса кейбіреулер азапқа душар болғандықтан, Оны көруге күнәләрі кедергі болады. Ал Оның разылығын алғандар Оны көретіндігі осы мағынадан шығып тұр». Сонда әлгілер имамнан: «Тақсыр, сіз осыған сенесіз бе?» деп сұрайды. Имам Шафии: «Аллаға ант етемін. Мұхаммед ибн Идрис (Шафиғи) қиямет күні Раббысын көретіндігіне толық сенбегенде, дүниеде Оған ешқандай құлшылық пен ғибадат етпес еді»,- деп жауап береді.

Қорыта айтар болсақ, Алла Тағаланы екі көзімізбен бе әлде жүрек көзімен бе көретіндігіміз беймәлім. Оған біздің ақылымыз жетпейді. Дегенмен сеніміміз мол.

Кейбір адасқан мәзхабтар әһли сүннеттің бұл сеніміне қарсы шығып, Алла Тағала ақыретте көрінбейді дейді. Бұл пікірді айтушылар Муғтазила мен Жәхмия мәзхабының өкілдері. Олардың пікірі бойынша Алланың көрінетіндігін қабыл ету, Алланы жаратылғандарға ұқсатумен тең. Негізінде Алла жаратылғандарға мүлдем ұқсамайды. Олар өздерінің пікірлерін қуаттау үшін: «Көздер Оған жете алмайды» (6.Әнғам-103) аяты мен Хазіреті Мұсаның (а.с.) талабы мен сұранысына қарсылық ретінде Аллатың: «Мені ешқашан көре алмайсың» (7.Ағраф-143) деген аятты дәлел ретінде келтіреді. Яғни, Алла Тағала Хазіреті Мұсаға (а.с.) аятта «Лән тәрани», «Мені ешқашан көре алмайсың» деуі бұл дүние мен о дүниені бірдей қамтиды. Сондықтан адамның екі дүниеде де Алла Тағаланы көруі мүмкін емес деп, сенімдерін жа- риялайды.

Бұл мәзхабтардың келтірген дәлелдерін әһли сүннет ғалымдары былайша түсіндіреді: бірінші аяттың мағынасы көздің көрмейтіндігі емес, меңгере алмайтындығы туралы болса, екінші аятта Алла Хазіреті Мұсаның (а.с.) бұл өмірдегі сұранысына жауап берген. Сол үшін мумин осы дүниеде Жаратушысын көре алмайды. Матуриди мектебінің ғалымдарынан Нуреддин әс-Сабуни былай дейді: «Аяттағы «Лән» сөзі мәңгілік деген ұғымға кел- мейді, тек тәкид (қуаттау) мағынасын береді. Бұған дәлел ретінде ол Мариям анамыздың аяттағы уәдесінде қолданған мына сөзін негіз ретінде келтіреді: «Лән укәллимәл яумә инсия» (19.Мариям-26), «Бүгін ешбір адаммен сөйлеспеймін». Алла бұл аятта «лән» сөзін «әл- яум» сөзімен бірге қолданып, шектеулі уақыт үшін айтып отыр. Олай болса, «мәңгілік» пен «шектеулі» бір-біріне қарама‑қарсы түсінік болып тұр. Сондықтан «лән» сөзі мәңгілік мағынасын білдіргенімен тек осы дүниеде деген ұғымға келеді.

Алланың ең соңғы Елшісі Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар Миғражда Алла Тағаланы көре алмай тек перде арқылы сөйлеседі. Пайғамбарымыз ең ұлы пайғамбар бола тұра мұндай мүмкіншілікке ие бола алмады. Ал Хазіреті Мұса (а.с.) Алланың нұры тауға түсіп, тау балқып әрі тас-талқаны шыққанда, қос жанары оған қарауға шыдай алмай есінен танып құлаған еді.

Иә, Алла Тағаланы бұл дүниеде ешкім көре алмайтындығы анық. Алайда кейбір мұсылман бауырларымыз Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Миғражда Раббысын көргендігіне сенеді. Әрине, бұл мәселе адамды сан сұраққа жетелейтіні рас. Дегенмен мына хадиске назар аударсақ:

«Бірде бірнеше кісімен бірге Мәсруқ деген кісі Хазіреті Айшадан (р.анһа): «Әй, анашым! Мұхаммед (с.а.у.) Раббысын көрді ме?» - деп сұрадық. Хазіреті Айша (р.анһа) анамыз: «Айтқан сөзіңнен денем тітіркеніп кетті. Сенің үш қателі сөзден хабарың жоқ па еді? Кім оларды айтса өтірік айтқан болады.

  1. Кім саған: «Мұхаммед (с.а.у.) Раббысын көрді десе, өтірік айтқан болады, деп «Көздер Оған жете алмайды, Ол көздерді көреді» (6.Әнғам-103) аятын оқыды.
  2. Кім саған: «Мұхаммед (с.а.у.) ертең болатын нәрсені біледі десе, өтірік айтқан болады, деп «Ешкім ертең не істейтінін білмейді» (31.Луқман-34) аятын оқыды.
  3. Кім саған: «Мұхаммед (с.а.у.) уахиден бір нәрсе жасырып қалғанын айтса, ол өтірік айтқан болады. Себебі аятта: «Әй, Пайғамбар! Раббың тарапынан түсірілгенді жалғастыр. Егер оны істемесең, елшілік міндетті жалғастырмаған боласың» (5.Майда-67) деп жауап береді» (Муслим, Иман-287) деді.

Олай болса, біз де Хазіреті Пайғамбарымыздың Миғражда Раббысын тікелей көре алмай, тек перде арқылы нұрын ғана көргендігі жайында айта аламыз. Бірақ, Пайғамбарымыздың Миғражда Алладан Жәбірейл періштенің көмегінсіз тікелей уахи алғандығы рас. Бір күні Әбу Зәр әл-Ғифари (р.а.) Хазіреті Пайғамбарымызға (с.а.у.): «Сен Рабб Тағаланы миғражда көрдің бе?», - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Ол нұр ғой! Мен Оны қалай көремін»,- деп жауап береді (Муслим, Иман-291).

Иә, қалай болғанда да Алла Тағаланың пенделері үшін қайырлы болатын жағын нәсіп ететініне иманымыз кәміл.

 Кейбір жандар: «Алланы бұл дүниеде адам баласы не үшін көре алмайды?», - деп сұрауы мүмкін. Бұған жауап ретінде ислам әлемінің әйгілі ойшылы әл-Фарабидің мына сөзін келтіруге болады: «Адам баласы Алланың жаратқан күніне тіке қарап тұруға күші жетпейді және екі жанары оған қарауға дәрменсіз. Ал, Алланың нұры күн нұрынан сансыз дәрежеде қуатты болғандықтан біздің сезім мүшелеріміздің Оны меңгеруге мүлде күші жетпей- ді». Расында адам баласы Алланың жаратқан күніне тіке қарауға күші жетпесе, бұл дүниеде Алланың Өзін қалайша көрмек?

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: