Бала тәрбиесіндегі басты тәсілдер

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Бала сүю әр ата-ананың арманы. Бала дүниеге келісімен әке-шешесіне зор қуаныш сыйлайды. Тек қана әке-шешесіне емес, айналасындағы алыс-жақын туыстарын да қуанышқа бөленеді. Ал немерелі болған ата-әженің қуанышын сипаттау тіпті мүмкін емес шығар.

Бұл бір ақиқат. Халық мақалы «балам – балым, баламның баласы – жаным» дейді. Ал Құран Кәрімде тәрбие мағынасын жалпы қамтыған аятта:

وَالَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَاماً

«Олар: “Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдық бер. Сондай-ақ бізді тақуалардың алды қыл!”,- дейді» (Фурқан 74) делінген. Аяттағы «көзайым» сөзінің мағынасын Имам Бағауи: тақуа, жақсы, ізетті балалар деп ашықтаса, Имам Қуртуби: «Қайсы бір мұсылман адам үшін көзайымы болатын ең құнды нәрсе – әйелі мен бала-шағасын тақуа, Алланың әмірін орындаушы салихалы болғандарын көруі» – деп түйген.

Енді осы дүниеге келген баланы халық алдында абыройлы, әке-шешесіне жанашыр, иманды, ақылды және тағы басқа көркем сипаттарға ие қалаулы азамат болып өсуі үшін ата-ана не істеуі керек? Шариғат шеңберінде бала тәрбиесі үшін мына нәрселерді ұсына аламыз:

а) Отбасы – ошақ қасы

Отан отбасынан басталады. Әр азаматтың тұлғалық болмысы әке-шешесінің алақанында, жанұясында, балалық шағы өткен ортада қалыптасады. Кез-келген қоғам да, ел де жекелеген адамдардан құралады. Көпшілікті жарқын болашаққа сүйрейтін де, сүрінтетін де осындай отбасы тәрбиесін көрген адамдар. Ендеше әр адам өз баласын қоғам көшбасшысы болатындай тәрбиелеп, оған иманның, салттың, ұлттық құндылықтардың сіндіруі керек. Ол үшін жоғарыдағы аятта байқалғандай балаңыз үшін дұға жасағанда өзіңіз үшін де дұға жасаңыз. Себебі балаға тәлім-тәрбие берудің ең қысқа жолы – балаға үйреткелі жатқаныңыздың өз бойыңызда байқалуы.

б) Еркек ұлды тәрбиелейді, әйел ұлтты тәрбиелейді

Қоғамда барлық адам бір-бірімен тікелей я да жанамалы қарым-қатынаста болады. Адамдар бірінсіз-бірі тіршілік жасай алмайды. Тіршіліктегі ауыртпалықты жеңілдету үшін қоғам құрылады. Қоғам кемел болу үшін ондағы әр адам өз міндетін білуі тиіс. Әр адамның жауапкершілігі бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадис шарифінде айтады:

أَلَا كُلُّكُمْ رَاعٍ، وَكُلُّكُمْ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، فَالْأَمِيرُ الَّذِي عَلَى النَّاسِ رَاعٍ، وَهُوَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالرَّجُلُ رَاعٍ عَلَى أَهْلِ بَيْتِهِ، وَهُوَ مَسْئُولٌ عَنْهُمْ، وَالْمَرْأَةُ رَاعِيَةٌ عَلَى بَيْتِ بَعْلِهَا وَوَلَدِهِ، وَهِيَ مَسْئُولَةٌ عَنْهُمْ، وَالْعَبْدُ رَاعٍ عَلَى مَالِ سَيِّدِهِ وَهُوَ مَسْئُولٌ عَنْهُ، أَلَا فَكُلُّكُمْ رَاعٍ، وَكُلُّكُمْ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ

«Әрбірің жауапкер, барлығың да қарамағыңа жауапты емессіңдер ме?! Адамдарға басшылық етуші жауапкер, қарамағындағы адамдарға жауапты. Ер адам отбасына жауапкер, олар үшін жауапты. Әйел –ерінің меншігіне, баласына жауапкер, олар үшін жауапты. Қызметші иесінің малына жауапкер, ол үшін жауапты. Әрбірің жауапкерсіңдер, әрбірің қарамағыңа жауаптысыңдар» (Бухари, Муслим).

Жоғарыда айтылған хадистен аңғаратынымыз әр ата-ана тәрбие мәселесінде баласының алдында жауапты, сол сияқты бұл жауапкершілік тәлім беріп жатқан балабақша мен мектеп мұғалімдеріне де тікелей қатысты.

в) Исламдағы баланың орны

Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

ما نحل والدٌ ولدًا مِن نحْلٍ أفضلَ من أدبٍ حسنٍ

«Әкенің балаға бере алатын ең жақсы сыйлығы – жақсы әдеп» дейді (Тирмизи). Ибн Омар (р.а): «Балаңа әдептілікті үйрет. Оның нендей әдеп, нендей ілім алғанына сен жауаптысың. Ол болса саған қандай жақсылық пен ізеттілік жасағанынан сұралады» дейді (Зәхәби). Кей ғалымдардың айтуынша ақыретте Алла Тағала баладан әкесі туралы сұрамастан бұрын әкеден баласы туралы сұрайды. Себебі жалпыға мәлім болғандай баланың қисық жолға түсіп, сорақы мінезді болуы әке-шешенің оған қажетті тәрбие бермегенінен болады. Баланы жастайынан имандылық пен ізеттілікке қызықтыру керек. Бала үшін әке-шешесі бірер жастарына шейін идеал болып табылады. Осы бір уақытты босқа өткеріп алмауға тырысу керек.

Айта кетер тағы бір жайт, баланы қатты еркелетпей, шалқып-балқыған өмірге әуестетпей өсіру керек. Амр ибн Ас (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ешбір әке баласына көркем мінез бен тартымды әдептен асқан сый ұсына алмайтынын айтады. Еркелікте өсіп тарлық көрмеген бала қоғамдағы жағдайы нашар адамдардың жағдайларын түсіне алмасы анық.

в) Балаға ислами тәрбиені қалай береміз

Егер ата-ана өз баласына жарқын болашақ қаласа онда баланың өсу кезіндегі әр кезеңге жеке-жеке көңіл бөлуі керек. Ол үшін баланың тәрбиесінің негізін тақуалыққа баулау керек. Әр кезде, әр жерде Алла Тағаланың назарында екенін ескерту керек. Бала тәрбиесіне исламның призмасынан қараған адам ислам дінінің бала әдебіне оның дүниеге келмесінен бұрын қолға алатынын көре аламыз:

  • Жақсы жар немесе болашақ балаға жақсы ана таңдау. Себебі баланың тәрбиесіне кейінірек осы әйел тікелей жауапты болады. Жарды дұрыс таңдаудың өзі де балаңызға тәлім-тәрбие берудің алғашқы қадамы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

ثلاثةٌ من السَّعادةِ: المرأةُ الصَّالحةُ تراها تعجبُك، وتغيبُ فتأمنُها على نفسِها ومالِك، والدَّابَّةُ تكونُ وطيئةً فتُلحقُك بأصحابِك، والدَّارُ تكونُ واسعةً كثيرةَ المرافقِ. وثلاثٌ من الشَّقاءِ: المرأةُ تراها فتسوءُك وتحملُ لسانَها عليك وإن غبت عنها لم تأمَنْها على نفسِها ومالِك، والدَّابَّةُ تكونُ قطوفًا فإن ضربتها أتعبتك وإن تركتها لم تُلحِقْك بأصحابِك، والدَّارُ تكونُ ضيِّقةً قليلةَ المرافقِ

 «Бақыт үш нәрседе: салихалы әйел; қарасаң тамсандырса, жоқ болсаң өзіне де малыңа да бас-көз болса. Көлік (жылқы, түйе): жүрісі жылдам болса, үзеңгі жолдастарыңнан қалдырмаса. Үй: кең болса, іші шаттыққа мол болса. Бақытсыздық үш нәрседе: әйел; қарасаң құтыңды қашырса, тілін саған қарсы бағыттаса, жоқ болсаң өзі үшін де, малың үшін де алаңдатса. Көлік: (серіктеріңнен) қалдырса, ұрсаң жүрмей шаршатса, бос қойсаң серіктеріңе апармаса. Үй: тар болса, іші шаттықтан мақұрым болса» дейді (Тирмизи).

  • Қызға да ұлға да өздеріне жарысымды әдемі есім беру.
  • Ақыл-естерін біліп бастағанда көркем мінез, имандылық, адами құндылықтарды үйрету.
  • Балиғат жасқа толмастан намаз бен дін негіздерін, халал мен харамды үйрету.
  • Құран аяттары мен сүрелерін жаттаттыру.
  • Пайғамбар (с.ғ.с) өмірі мен сахабалардың (р.а) өмірлерін оқып беру.
  • Рухани тәліммен қатар интеллектті дамытатын, денені шынықтыратын нәрселерге де машықтандыру.
  • Араласатын (ойнайтын) жақсы орта ұсыну.
  • Бос уақытын пайдалы қолдану.
  • Ер бала болса ақылы кіріп ер жеткенде арқа сүйеуге болатын ер екенін, қыз болса болашақ ұрпақта жауапты ана болатынын түсіндіру керек.

Бұл айтылғандар бала тәрбиесіне қатысты жалпы мағлұматтар ғана. Тәрбие төңірегінде тереңірек мағлұматтар алу үшін осы бапта арнайы жазылған мына кітаптарға қарасаңыздар болады:

«Тарбиятул-әуләд фил-ислам» Абдулла Насих Ғилуан;

«Тарбиятул-Атфал фунун уа маһарат» Ясир Махмуд т.б.

Ummet.kz

Бөлісу: