Шынымен сәләфия жамағаты ғана тура жолда ма?

Шынымен сәләфия жамағаты ғана тура жолда ма?

Күдікпен күрес
Жарнама

Сәләфтар өздерін сәләфус-салихиннің жолын жеке-дара өздері ғана ұстанушы етіп көрсетуде. Оларға ерсең ақиқатты табасың, ермесең адасқаның дейді. Енді мұның қаншалықты жөн сөз екенін қалай ажыратамыз?

Ол үшін бірінші бұл жолдың ұстанымын анықтауымыз керек болады. Сондықтан олардың сәләфус-салихинге қатыстылығы, сәйкестігі қаншалықты екендігін білу үшін мына сұрақты қоямыз «Біз осы «сәләфия» деген жамағатқа кіріп, оған мүше болғымыз келеді. Біз соның жолымен жүріп, мүшелігіне енуіміз үшін қандай шарттар бар?» Мұның екі түрлі ғана жауабы бар, үшінші жауап болудың еш қисыны жоқ. Егер осы екеуінен басқа жауап берілсе, еш қиындықсыз олардың сәләфуссалихинге қатысы жоқ екендігін біле аламыз. Ал, біздер үшін талқылауға тұрарлық екі жауапты төменде бірге қарастыратын боламыз. Бірінші жауап: «Мұның шарты – еш өзгеріссіз, кемшіліксіз, қоспасыз сол сәләф қауымының сөздерін, ісәрекеттерін, әдет-ғұрыптарын ұстану». Бірақ біз бұл жауапты қостай алмаймыз. Себебі бұрынғы сәләф қауымы өздерінен тараған сөзді, ісәрекетті соншалықты өзгермейтін заңдылық деп қарамайтын. Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) және сахабалардың әдет-ғұрып пен өмір жағдайларының өзгеруіне байланысты күнделікті іс-әрекеттерін өзгерткендігіне мысалдар көптеп кездеседі.

Мәселен, Меккеде мұсылмандардың әдет-ғұрпы Мәдинадағыдан өзгеше еді. Киім, баспана және басқа да қажеттіліктерде ешқандай қиындықсыз өзгерістер жасады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі «патшалар мөрсіз хатты оқымайды» деген сөз айтылғанға дейін мөр қолданбады. Бір әйел келіп баласының ұста екендігін, егер қаласа жұмада уағыз айтатын мінбер жасап беретінін айтқанға дейін құрма ағашының түбіртегіне сүйеніп құтпа оқыды. Яғни бұлар уақыт пен ортаның шарттарына қарай өзгеретін істер қатарына жатады.

Сахабалардың кезінде де өзгерістер болып отырды. Табиғиндардың фиқһшыларының өзі сахабалардың кезінде болмаған жаңа шариғи жаза үкімдерін шығарды. Бұхтари айтады: «Шурайхқа (хазіреті Омардың кезінен бастап ұзақ жыл қазылық атқарған атақты табиғин) барып оған:

– Мына шығарған жаңалығың не? – дедім.

– Адамдар жаңа мәселелер шығаруда, мен де жаңаша шешім қабылдадым, – деді.

...Олай болса сұраққа берілген бірінші жауаптың бос, сәләф дәуіріндегі өмір шындығына сай ешбір мағынасы, тарапы жоқ екендігі анықталады. Себебі олардың өздері жеке сөздерінде дәлме-дәл қатып қалған жоқ. Іс-әрекеттері мен әдет-ғұрыптарында да сыртқы көрініске жабысып, одан тайқымауға шақырған жоқ.

Керісінше, олардың өмірінде мұның терісін көреміз. Ендеше, олардың өзі істемеген істі қалай үлгі тұтамыз? Сондықтан, біреу бірінші жауаптағы айтылғандай «еш өзгеріссіз, кемшіліксіз, қоспасыз сол сәләф қауымының сөздерін, іс-әрекеттерін, әдет-ғұрыптарын ұстанса», оның қателікке түсетіндігі белгілі болды.

Екінші жауап: Бізге былай деуі: «Бұл жамағаттың құрамына кіріп, оларға ұқсаудың шарты – сәләфус-салихиннің Құран мен сүннет мәтіндерін талдау және одан үкім шығару және ижтихад жасау қағидаларын бекіту үшін жинақтап, реттеп кеткен ғылыми әдістемелік жолдарын анықтау.

Одан кейін Құран мен хадисті түсіну барысында және шариғи үкімдердің тұрақтысы мен дамып отыратынын ажырату кезінде осы жолды мықтап ұстану. (Яғни жеке іс-әрекеттерін емес, шариғатты түсіну жолдарын үйреніп, ұстану)». Бұған біздің айтарымыз: «Алайда сәләф болсын, басқа болсын мұсылман жамағаттарының ішінде ешбір жамағатта мұндай ғылыми-әдістемелік жолдың жамағатқа кірудің шарты ретінде немесе ол жамағатты өзгелерден ерекшелейтін белгі ретінде рөл атқарғанын көрмейміз.

материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: