Жәннаттық отбасы екенін қалай білсе болады?

Жәннаттық отбасы екенін қалай білсе болады?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Отбасындағы ер мен әйел өз міндеттерін қалтқысыз атқарып, балаларына діни тәрбие беріп, сүннетке сай амалдарды бұлжытпай орындаған болса, Алланың разылығы үшін бес парызын түгендесе, ондай жанұя жәннаттық отбасы болатынын білуі керек. Себебі, жақсы әйелге немесе еркекке ең бірінші жәрдем – Алладан.

Күйеуінің не әйелінің көңілін аулағысы келгендер Алламен қарым-қатынасын түзеп, алақанын жайсын. Жүрекке Алланың ғана әмірі жүреді. Қос жүрекке махаббат пен мейірімді салатын – Алла! Сондай-ақ, ешбір әйел не ер адам өзінің сымбаты, мінезі, байлығымен отбасын ұстап тұра алмайды. Ешбір әйел күйеуі үшін ғана жасаған амалдарымен, сұлулығымен мінезімен, дәмді тағамдарымен Жәннатқа жете алмайды. Олар барлық амалдарын Алла разылығы үшін жасауы тиіс. Алла сұлулықты жақсы көреді, бір-біріміз үшін сұлуланайық, Алла тазалықты, жаратылыстарының мейірімді болғанын жақсы көреді, біз де соған талпынайық деп сәт сайын ниетті түземек керек. Мұсылман алдымен Алланы жақсы көреді, ал жарын – Алла разылығы үшін жақсы көреді.

Отбасы өмірінің мәнімен сәні болған балалар, негізінде осы дүниеде әрбір ата-ананың жүздесетін сынақтарының бірі деуге болады. Өйткені, ата-ананың балаларға беретін тәрбиесі, олардың тұлға болып қалыптасуына үлкен үлес қосады. Сондықтан, оларға берілген жақсы тәрбиелеріміз о дүниеде жетістіктерге жетуімізге себепші болады. Құран аяттарында бұл туралы былай деп баяндалады:

«Негізінде малдарыңды және балаларыңды сын деп біліңдер. Алланың қасында зор сыйлық бар!» («Әнфал», 8/28).

“Әй мүміндер! Сендерді малдарың, балаларың Алланы еске алудан тоспасын. Әлде кім бұны істесе, міне солар, зиян тартушылар” («Мунафиқун» 63/9).

«Мал мен балалар, дүние тіршілігінің сәні. Ал мәңгі бақи қалатын игіліктер болса, Раббыңның қасында; табыс бойынша да жақсы әрі үміт тұрғысынан да жақсы» («Кәһф» 18/46).

Ислам құқығындағы отбасы парасаттылықпен даналықпен балаларға тәлім тәрбие береді. Лұқманның осы мәселеде баласына қалдырған өсиеттері, Құран Кәрім арқылы өнеге болуы үшін бізге де жеткізілді: (Лұқман): “Әй ұлым! Тарының салмағындай болса да, бір жар тастың ішінде болса да, көктерде не жерде болса да, Алла оны (қиямет күні) келтіреді. Расында Алла өте мүлайым, толық білуші. Әй ұлым! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа келген ауыршылыққа сабыр ет. Рас бұлар маңызды істерден. Адамдарға паңсып, қырындама да жерде кердеңдеп, жүрме. Расында Алла, бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді. Жүрісіңде орташа бол да даусыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстардың ең жаманы есектің дауысы” (Лұқман 31/16–17).

Сондай-ақ, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Ешқандай ата-ана, баласына жақсы тәрбиеден артық ешнәрсе бере алмайды» деп бұйырып, тәрбиенің маңыздылығына мән берген.

Исламдағы отбасының басқа бір ерекшелігі – әрбір отбасының мүшелері арасындағы қарым-қатынасты сауапты іс ретінде қабылдайды. Өйткені, отбасы мүшелерінің міндеттері, Құран Кәрімде баяндалған, сонымен қатар Пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннетінде ерлі-зайыптылардың міндеттері шариғи тұрғыда қарастырылып және осы мәселелер жөнінде мұсылмандар ескертілген. Ниса сүресінің келесі аятында осы міндеттерге жалпы тоқтала отырып, былай делінеді:

“Алла, біріңді-біріңнен артық қылды. Сондай-ақ олар; малдарынан да пайдаландырады. (Әйелдерге мәһр, напәқа береді.) Ал енді жақсы әйелдер; бой ұсынушылар, Алла қорғауға бұйырған көмескі нәрселерді (абыройын) қорғаушылар” («Ниса» 4/34).

Ал, Пайғамбарымыз (с.а.у) «Барлықтарың шопансыңдар/жауаптысындар» деген хадисінде: “Сіздерден әрбіріңіз жауапқа тартыласыздар және әрбіріңіз қол астындағылардан жауапқа тартылады. Мемлекет басшылары қол астындағы адамдардан сұраққа тартылады.Үйдің отағасы отбасының мүшелерінен жауапқа тартылады. Үйдің әйелі, ерінің үйінің ішіндегілерден жауапты және осылардың басқарылуынан жауапты.  Қызметкер басшысының мал мүлкінен жауапты және осылардың басқарылуынан жауапты” (Бұхари, “Жұма”, 11; Муслим , “Имара”, 20).

Басқа бір хадисінде: «Сіздердің ең жақсыларыңыз отбасына жақсы қарым қатынаста болғандарыңыз. Мен де отбасыма жақсы қарым қатынаста боламын.» деген Пайғамбарымыз (с.а.у) этика, эстетика, басқа да міндеттерді атқаруды, «жақсылық нышаны» ретінде қарастырады.

ummet.kz

Бөлісу: