Ұлымды қалай жігіт қылып тәрбиелеймін?

Ұлымды қалай жігіт қылып тәрбиелеймін?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Қай халықта болмасын, ұл бала тәрбиесі – әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін ұрпағына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген.

Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсың, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған.

Халқымыз ер баланың 12-15 жасынан бастап, оның алдында өмірдің дайындаған талай қиын-қыстау шақтары мен қуанышты сәттері бар екендігін ескере отырып, «Аты аталмаған жігіттен аты аталған төбе артық» деп намыстандыратын, «Айтсаң, үйде туып, түзде өлетін жігіттерді айт» деп таңдандыратын, «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар» деп шамдандыратын, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», «Ерлік білекте емес, жүректе» деп қайраттандыратын, «Ақыл жастан, асыл тастан» деп сеніміне шек келтірмейтін, «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп армандайтын еді халқымыз.

Ұл бала ерлерге тән ойлау жүйесін, жігіттік болмыс-бітім, мінез-құлықты бойына қайдан сіңіреді? Қыздардың – анасына, ұлдардың – әкесіне еліктейтіні анық. Ұл бала әкесіне ұқсас болғанын қалайды. Ұл үшін әкесінен асып түсер мықты адам жоқ: ол көлік айдайды, ауыр заттарды оп-оңай көтереді, ештеңеден қорықпайды. Қазақта үстелдің төрінде әкенің тұрақты орны бар, оған басқа ешкім отырмайды. Балалары әкесі наннан ауыз тигеннен соң тамақтануға кіріседі, сосын әкелерінің ас қайыруынан соң ғана орындарынан тұрады.

Қазақта ер бала жас кезінен әкесі немесе атасының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр. Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі.

Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мақтайды. Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз. Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін-өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін-өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, жанұя жағдайы, онда қалыптасқан оң моральдық-психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен сыйластық, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрмет сезімдері, яғни, отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл-күйі тікелей ықпал етеді.

ummet.kz

Бөлісу: