Балаңыз алты жасқа келгенде мынаны ескеріңіз

Балаңыз алты жасқа келгенде мынаны ескеріңіз

Исламдағы отбасы
Жарнама

Бұл балалықтан жасөспірімге қарай қадам басатын кез болғандықтан, бала екінші өтпелі кезеңді басынан өткізеді. Бес жасына қарағанда мінезі шатақтау болып, сырттан қарағанда енжарлыққа бой алдырғандай көрінеді.

Бірақ осы жаста бала әжептеуір жетістіктерге қол жеткізеді. Өзі жуынып, киініп, түймелерін өзі қадай алады. Қырқу, жабыстыру, сурет салу, бояу секілді істер қолынан келеді. Оңы мен солын танып, кеше мен бүгінді ажыратып, үйрену талабы да арта түседі. Әріптер мен сандарды үйреніп, жазу, есептеуге кірісе бастайды. Мұсылман ғұламалары балалардың мектепке бару кезеңі ретінде 5-7 жас аралығын атайды. Бірақ айта кететін жайт, мұсылман ғалымдары мектепке бару үшін белгілі бір жастан гөрі, баланың ақылы мен қабілеттерінің жетілуін басты назарға алады.

Мысалы, хадисшілердің көпшілігі негізінен хадис тыңдауға болатын жас ретінде бес жасты атайды. Алиул-Қари көпшілік ғалымдардың: «Ең азы бес жасында хадис тыңдауы керек, одан кішкентайлардың тыңдауына болмайды» деген пікірін білдіре келіп, хадис сабақтарына балалардың бес жасынан бастап қатысуына болатындығын айтады. Сәхәуи болса, көбінесе бес жаста балалардың хадис тыңдай бастауына болатынын, бірақ одан ерте де, одан кеш те болуы мүмкіндігін айтады. Алиул-Қаридың пікірінше, хадисті үйрену үшін ең оңтайлы жас – тәмииз жасы. Тәмииз жасы дегеніміз, айтқандарды түсініп, дұрыс жауап бере алатын жас.

Кейбір ғұламалар бала өзіне айтылғандарды түсініп, жауап бере алатын болса, бес жастан кіші болса да, тәмииз жасына кірген болып саналады деп есептеген. Дегенмен, көпшілік тәмииз жасын 7-8 жас деп белгілеген. Бірақ бұл өзгермейтін қағида емес. Ақыл-есінің дамуына қарай әр балада тәмииз жасы әр түрлі болып келеді. Мысалы, Имам Шафиғи кішкентай кезінен бастап, хадис, Құран, әдебиет, тіл, т.б. сабақтарды үйреніп, 15 жасына келгенде халықтың сұранысы бойынша діни  мәселелерге пәтуа бере бастаған. Ал Ибн Синаның он жасында Құранды, әдебиетке қатысты білімді өте жақсы меңгеріп, дін методикасы (Усулуд-дин), математика, алгебра сияқты ғылым салаларына қатысты мәліметтерді жатқа білгені айтылады.

Тіпті ғалым Исмаил Хаккы Бурсауи: «Мұсылмандар баласын төрт жасында мектепке беруі немесе оған ұстаз тағайындауы керек» деген екен. Міне, осы айтылғандардан кейбір кісілердің балаларын өте ерте жастан мектепке немесе діни білімдерді үйренуге бергендерін көреміз. Хадис ғалымы И. Жанан осы тұрғыда өз көзқарасын былай баяндайды: Балалардың білімге қадам басуы, жас деңгейіне емес жеке даму ерекшеліктеріне байланысты ерте болуы да мүмкін. Балаларға кей нәрселерді кішкентай кезінде үйрету мүмкін болғанымен, кейбіреулерін үйрету оңайға түспейді. Кейбір дұға, сүрелерді кішкентай кезінен үйретуге болады. Оқу, есеп, грамматика, логика секілді ойлануды қажет ететін ілімдерді сәл есейгенде қолға алу керек.

материал «Исламдағы бала тәрбиесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: