Отбасылық өмірдегі ең жаман мінез қандай?

Отбасылық өмірдегі ең жаман мінез қандай?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Отбасылық өмірдегі ең жаман мінездің бірі – қырсықтық. Қырсықтық деген не? Түр-түсін кім көрген? Бұл айтқанынан қайтпай тұрып алу. Мәселе, әйелінен жеңілмеу. Немесе күйеуінікін дұрыс демеу. Ортақ мүдделі шешім табу орнына өз дегенінен қайтпау. Жай іштегі менмендікті жұбату үшін жеңілмеу. Әрине, бұл шайтанның біршама жұмысын жеңілдетеді. Ең қызығы қырсықтық ұсақ-түйектен шығады.

Бір мысал. Күйеуі есік қағып тұр. Әйел іште. Ұйықтап жатыр. Тұрғысы келмейді. Ондағысы өзінде кілті бар. Неге өзі ашып кіре бермейді? – деген оймен төсектен тұрмайды. Есік қоңырауын қайта-қайта шалып мазасын қашырды. Әйел мұны басыну деп біледі. Ақыры, есікті ашты. Күйеуінің екі қолында азықтүлік. Неге ашпайсың? – десе, әйел де қалыспай: Заттарды жерге қойып кілтіңмен ашсаң нең кетеді? – деген сарында екеуі ұрыса бастады. Бұл жерде кім кінәлі? Қырсық әйелі ме, әлде күйеуі ме? Өз ойын ғана дұрыс деп білетін адам қателеседі. Кей еркектер әйелінің сөзін құптамау үшін ғана қате шешім қабылдауға дайын. Ең бастысы, әйелімен келіспеу. Таразы басында отбасы мүддесі тұрсадағы менмендігін барлығынан биік қояды. Кісілік қасиетін ұсақтүйекпен кірлетеді.

Психолог мамандардың айтуынша, қырсықтық еркекте де, әйелде де бар мінез. Алайда әйелдің жүріс-тұрысында айқын көрінеді. Қырсықтық әйелдің қорғану қаруы іспетті. Аталмыш оғаш мінез ажырасуға алып келетін қадамдардың бірі. Мұндай талас-тартыс балаларының жүріс-тұрысына теріс әсерін тигізеді. Қырсықтық кейде ақымақтықтың белгісі болуы мүмкін. Кейде жұбының көңілін өзіне аудару үшін жасалған әрекет болуы ықтимал.

Қырсықтық ұсақ-түйек дүниеден басталады. Оның алдын алмаса, жүре келе үлкен мәселеге айналып, арты ажырасумен аяқталуы мүмкін. Ендеше әйелдің қырсықтығы қайдан шығады? Айтқаныңнан қайтпай табандап тұрып алу, сенің мықтылығың. Әрі күйеуінің көзінде қадір-қасиетіңді көтереді деп түсінетін арулар бар. Нәтижеде дегеніңе жетесін деп сенеді. Кейбіреуге қырсықтық тәрбие арқылы беріледі. Ата-анасын үлгі етіп, жұбайына қырсық мінез көрсетеді. Демек, бұл оның тәрбиесінде бар. Бала кезінде қаталдық көрген кісінің бойына қаттылық пен қырсықтық бітеді. Әрі көздеген мақсатына қырсықтықпен қол жеткізуді үйренеді. Тағы бір себебі бар. Бала күнінде ата-анасы үнемі: Сен барып тұрған қырсықсың, – деп ұрысады. Бұл баланың санасына сіңіп, орныға түседі. Ертеңгі күні мінезіне айналып шыға келеді. Сонымен бірге, әке-шешесінің қарымқатынасынан осы мінезді көріп өссе. Мәселен, анасы әкесіне қырсық мінезін көрсеткен. Әйел өктемдік ететін отбасында өскен қыз ертеңгі күні күйеуімен сондай мәміле жасайды. Тіпті қыздың таңдауы тұлғалық болмысы әлсіз еркекке тұрмысқа шығу болуы мүмкін. Сонда қырсық мінезін оңай іске асырады.

Қырсықтыққа тағы бір себеп, күйеуінің өктемдігіне деген қарсы әрекеттен туады. Күйеуі отбасылық мәселеде онымен ақылдасып, кеңеспейді. Қала берсе, сөзін келеке етіп мазаққа айналдырады. Осылайша еркек өз қолымен әйелін қырсықтыққа итермелейді. Әйелдің ойын қабылдамау деген түсінік бар. Тіпті әйеліңмен ақылдас, бірақ айтқанының терісін істе деген сөз бар. Алайда бұл дінге қайшы түсінік. Неге десеңіз, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелімен ақылдасқан. Әзіреті Пайғамбардың бұл әрекеті үмбетіне үлгі. Өйткені Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайымен ақылдасу қажеттілік емес. Мұсылмандарға өнеге болу үшін жасаған қадамы. Күйеуі тарапынан менсінбеушілік пен кемсіту көрген әйелдің қырсықтық танытудан басқа шарасы қалмауы мүмкін. Кейде күйеуімен дұрыс қарым-қатынас жолын таппағанда осындай қадамға барады. Тіпті күйеуінің іс-әрекетіне осылайша наразылық білдіруі мүмкін.

Ендеше, не істемек керек? Жұбын басқару деген пиғылдан туса, жағдай ушықпай жатып сөйлесу арқылы ара-қатынасты қалыпқа келтіру керек. Әйеліңіз теріс мінезінен бірте-бірте арылғанша біраз уақыт сабырлы әрі ұстамды болуға тырысыңыз. Жұбайыңыздың әрбір сөзі мен ісіне құрметпен қараңыз. Сол кезде, әйеліңізден де сый-құрмет күтсеңіз болады. Әйеліңіз қырсықтығы ұстаған кезде әр қадамыңызды парасаттылықпен жасаңыз. Пікір таласты кейінге, оңтайлы уақытқа шегеріңіз. Ер азамат ретінде мейлінше жұмсақ болыңыз. Ойыңызды нақты жеткізіңіз. Сөзіңіз мірдің оғындай болсын!

материал «Үйленбей тұрып үйлен» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: