Әйелдің отбасылық өмірдегі қателіктері

Әйелдің отбасылық өмірдегі қателіктері

Исламдағы отбасы
Жарнама

1. Қателік. Ер адамды сырттан күтіп алғанда, оған өз-өзіне келіп алуына уақыт бермеу.

Қарапайым бір күндік мысал. Әйел идеалды отбасының бір күнін қалай елестетеді? Әйелдің ойынша, күйеуі кешке жұмыстан келеді, екеуі бірге жаңалықтарымен бөлісіп, қалған уақытты бірге өткізеді. Ал еркектің ойынша, ол жұмыстан келгенде 10-15 минут тыныштықта оңаша қалады. Түзден шаршап келгенде өзін ешкімнің мазаламағанын қалайды. Сол себепті үйге кіре сала жағасынан алып, жаңалығын сұрамай қоя тұрыңыз. Әйелдер кішкене басқаша жаратылған, сырттан үйге келгенде аяқ киімімізді шешіп үлгермей жатып, бүкіл жаңалығымызды айтып тастағымыз келеді. Алдымен 15-20 минут оңаша қалсын, өзінің қауіпсіздікке, тыныштыққа келгенін сезінсін (еркек сыртқа шықса түзге, соғысқа кетеді), душ қабылдап, дәмді тамақтандырыңыз. Содан кейін ғана өз жаңалығыңызды айтып бастасаңыз, ол да сізге өз әңгімесін айтады. Ер адам үйге демалуға, комфортты сезінуге келеді. Алғашқы сағатта еріңізге сол комфортты беріп, тек позитивпен бөліскеніңіз дұрыс. Бірнеше уақыттан кейін үйдің мәселелерін қозғауға да болады. Демалып алған еркек мәселені шешуден қашпай, сізге көмегін беруге тырысады.

2. Әйел адамның келесі қателігі – ренжігенін айтпау. Сыртқа шығармай, үндемей қалу. Мысалы, сіз телевизор қарап отырсыз. Күйеуіңіз келіп пультті алды да, басқа каналға ауыстырып тастады. Оның ойында сіз оған ренжисіз деген ой мүлдем жоқ. Енді не істейсіз? Дұрыс вариант – ол кезде еш ренжімей, сол қосқан каналын қарай беру. Екінші, дұрыс вариант – ойыңызды айту. "Жаным, жаңағы мен қарап отырған канал мен үшін қызық еді. Байқамаған шығарсың, бірақ мен соны көріп отырдым, қайтадан қосайықшы" деп сұрау. Үшінші, дұрыс емес вариант – сырт жағынан үндемеу, ал іштей соғыс жасау. Ол соғыста неше түрлі жаман ойлар болады. Сол ойлармен үндемей отыра беру.

3. Келесі өте үлкен қателіктердің бірі – өткен өмірмен өмір сүру, өткен қателіктерді еске ала беру. Ер адам бір қызбен сөйлесіп қойса, сіз соны біліп қалсаңыз, тек сол кезді ғана емес, оған дейінгі бүкіл реніштеріңізді еске алып, өз-өзіңізді қинауыңыз. Не үшін керек ол? Дәл қазіргі өмірді сүру керек. Әйтпесе, сіз өзіңіздің денсаулығыңызды, отбасылық қарымқатынастарыңызды құртып аласыз. Бір проблема болса немесе реніш болса, оны дұрыстап шешу керек. Яғни, эмоцияға берілмейміз. Өтіп кеткен темаларды қозғамаймыз. Қанша жерден ішіңізден күйіп-жанып бара жатсаңызда, өткен нәрсені қозғамаймыз. Бұл сіздің ең басты ережеңіз болу керек.

4. Келесі әйел адамдардың қателігі – үйдегі болған әңгімені сыртқа шығару. Құрбыларына жайып салу, мамасына айту деген сияқты. Иә, түсінемін біреуге айтсаң ішің босап қалады, тыныштық тапқандай жеңілдейсің. Бірақ сіз күйеуіңізбен керемет күннен кейін татуласасызда, ал құрбыларыңыз оны есте сақтап қалады. Құрбыларыңыздың алдында күйеуіңіз жеккөрінішті болып тұрады. Анаңыз да тура сондай. Қызын ренжіткен адамды анасы ешқашанда кешіре алмайды. Ішіңіз өртеніп, айтқыңыз келіп бара жатса да, айтпауға тырысыңыз. Себебі болашақта ол үшін өкініп қаласыз.

5. Келесі қателігіміз – күйеуіне толықтай беріліп кету. Ішіне кіріп, бүкіл уақытын, бәрін соған арнау. Әрине отбасы болғаннан кейін еркек бірінші орында тұрады. Бірақ ол орын қандай? Өмірде ең бірінші орында Алла болу керек. Егерде күйеуіңіз ол орынды басатын болса, ертеңгі күні қайғыңыз да, қуанышыңыз да, бүкіл көңілкүйіңіз тек қана соған байланысты болып қалады. Ал ол бізге керек емес. Сіз жеке тұлғасыз. Жеке тұлға деген – жұмысы, машинасы, карьерасы бар адам емес. Тұлға деген – жан дүниесі ешкімге тәуелді емес адам. Ол тек өз ойына ғана тәуелді. Біреудің ойына еріп кете беретін адам емес. Егерде күйеуге деген махаббатыңыз Алладан да артық болып кетсе, Алла Тағала сізден оны алып қоя алады. Күйеуді алып қояды, немесе күйеудің сізге деген махаббатын алып қояды. Мәңгілік махаббатқа тек Алла ғана тән. Сол үшін ешбір адамға қатты бауыр басып, бүкіл өміріңізді арнамаңыз. Біз қуанышты кезде Алланы еске алмаймыз. Керісінше, сынақ келген кезде Алладан көмек сұраймыз. Осы жерден қорытынды жасауға болады. Бақытты кезде де дұға етіп, Аллаға шүкір етуіңіз керек. Сол кезде ғана сіздің эмоцияналды, моральды тәуелділігіңіз ер адамнан артқа шегіне бастайды.

6. Тағы да бір кішігірім қателік – ер адам көңілсіз жағдайда жүрсе, оның жанынан айналшықтап шықпай қою. Ер адам ойлану үшін, өз-өзіне келу үшін оған уақыт керек. Оны жалғыз қалдырыңыз. Махаббатыңыздың көлемін еркек қалағанынша, сұрағанынша беру керек. Егер де ол сізге шаршағанын, сіздің махаббатыңызға тұншығып жүргенін сездірсе, оны жайына қалдырыңыз. Оған тек қалаған сезімін, қалаған махаббатын беру керек. Артық емес, не кем емес. Еркек сізге деген сезімін түсіну үшін солай алшақтайды. Егер сіз осы уақытта оған жабыса берсеңіз, ол сізге деген махаббатын түсінбейді. Ал егерде ол жалғыз қалса, ол ойлана алады. Сіздің жақсы қарымқатынасыңызды сағынатын болады!

7. Ер адамды еркелетпеу, жылы сөзіңізді аяу. Алла әуелден-ақ еркекке көп күш беріп, физикалық және эмоционалды тұрғыдан жоғары қылған!Әйел адамның оң жақ миының эмоцияға жауап беретін бөлігі қаттырақ дамыған. Еркектерде миының логикаға жауап беретін сол жақ миының бөлігі бізге қарағанда жақсырақ дамыған. Еркек өзін интуитивті түрде бастық сезінеді. Егерде оның ол сезімі біреудің араласуы арқылы бұзылса, ол интуитивті түрде сол жаннан алыстай бастайды. Одан кейін еркек өзін агрессияға салып бастық екенін көрсетеді. Мысалы "ешқайда бармайсың, аузыңды жап" деп, тіпті қол көтеруге дейін барады. Немесе өз үйінен емес, басқа үйден сол сезімді іздей бастайды. Еркек үшін бұл өте маңызды. Еркек оған физикалық және материалдық тұрғыдан әйелі тәуелді болғанын қалайды. Еркектің үйде бастық сияқты сезімі болуы үшін біз бүгіннен бастап санасына программа енгіземіз. Қамқоршым, еңбекқорым, асыраушым, сен болмасаң не істер едік, Алла саған разы болсын, Аллаға сені аманат еттім, тағы да осындай сөздерді жәйлап айта беріңіздер, оның құлағына әбден үйреншікті болсын. Жұмысқа шығарып салғанда айтыңыз, немесе смс хабарлама етіп жазыңыз. Оның реакциясын байқап көріңіз. Кез келген еркекке іштей бұл сезім ұнайды, бірақ осындай сөздерге үйренбеген ер адам «өтірік айтпашы» деп сеніңкіремей, сөзіңізге разы еместігін көрсете алады. Сіз бұған ренжімеңіз, үйренген соң, араңызда жылы сөздер жиі айтылатын болады. Бастысы, жайлап, шошытып алмай айтып бастаңыз.

материал «Некеден кейін» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: