Әйеліне қамқор бола алмаған еркек басқаны жарылқамайды

Әйеліне қамқор бола алмаған еркек басқаны жарылқамайды

Исламдағы отбасы
Жарнама

Әйел шаршадым немесе ауырып тұрмын деп шағым айтады. Бұл физиологиялық ауру емес шығар. Алайда психологиялық денсаулығы ойлағандай болмауы мүмкін.

Жүйкесі шаршағандықтан оның салдары белгісіз ауру симптомдарымен көрініс табады. Мәселен, іші құрысып қалу, кеуде тұсының қысылуы дегендей. Бас ауруы немесе жүрек қағысының жиілеуі сияқты. Сондай-ақ, әйелдерде көп кездесетін сүйек қақсауы, сырқырауы сияқты сырқаттарды да қосыңыз.

Әйел жаратылысынан бірқатар әлсіздік және шаршау кезеңдерін басынан өткереді. Әр айдағы етеккір уақыты. Жүктілік пен бала туу. Бала күтімі кезіндегі түнгі ұйқысыздық пен емізу. Сонымен бірге, балаға қарау кезі. Әйелдің қырық жаны бар. Бұл сөз әйелдің көп қиыншылықты басынан өткеретіндігін меңзесе керек.

Осы кезеңдерде ер азаматтың әйеліне көмек беруі қажет. Кейбір еркектер ах-ух деп тұнжырайып, тағы бастадың ба! – деп онсыз да ауырып жатқан әйелінің сағын сындырады. Қажет болса мұндай кезде еркек үй шаруасын өз қолына алғаны дұрыс. Әзіреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шаңырағына қараңыз. Айша (Алла оған разы болсын) анамыз басы ауырып, шағымын күйеуіне айтады. Жұбайының сөздерін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) елеусіз қалдырған жоқ. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Бақиғ зияратынан бір жаназадан қайтып, үйіне келеді. Айша (Алла оған разы болсын) анамыз: Басым-ай! – деп мазасыз екенін білдіреді. Сонда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Айша, менің де басым ауырып тұр, – дейді. Осылайша, жұбайының қаншалықты қиналып тұрғанын сезініп жатқанын жеткізеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйінен бір кісі ауырып қалса, Құран және дұғамен дем салушы еді.

Әйелі ауырып жатқанда еркектің ас үйде қазан-ошақ басында жүруін ерсі санаймыз. Әйел қандай жағдай болмасын, тұрып тамақ істеу керек деген түсінік бар. Бірақ ешкім қарындасы немесе қызының ыстығы көтеріліп, ауырып жүріп кір жуып, тамақ пісіргенін құп көрмейді. Әйелдің жаны темірден емес. Әйеліне қамқор бола алмаған еркек басқаны жарылқайды деуге сену қиын. Некелі әйеліне немқұрайлы қараған адам басқаны қайтсін?! Бір кесе сорпасын, ыстық шайын беріп. Құранмен дем салып, дұға етсе азаматтық емес пе?

материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: