Мұсылман адамның тақуалықтан кейінгі ең қымбат нәрсесі

Мұсылман адамның тақуалықтан кейінгі ең қымбат нәрсесі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Хақ Тағала Уахданиятті (біреу ғана болуды) тек өзіне арнап, барлық мақұлықты жұп етіп жаратқан. Сол жұп болып, жаратқандарының арасына тартымдылық, құмарту заңын қойып, заттық не рухани кемелденуді бірбірлерімен бірігіп, бүтіндей болуға байлаған.

Ешқандай күмән жоқ, тірі мақұлықтың ең ұлысы, үстемі, ерекшелігі болған адамзаттың жаратылысындағы махаббат бейімі иләһи махаббатқа көтерілудің алғашқы сатысы. Сол себептен, Алла Тағала берген бұл ұлы мәртебенің қорғалуы, адам нәсілінің пәк, тап-таза әрі мүбарак халде жалғасуы үшін жанұялық өмірді зәру еткен, сондай-ақ некені бұйырған.

Неке – ең әдемі кейіпте жаралған адамға адамзаттық қадір-қасиетін, абыройын қорғау мәселесінде рухани қорғаныс болып тұр. Неке қию жанұя-құрудың ең негізгі шарты, яғни ірге тасы.

Неке – әйел үшін әйелдік сезім мен қабілеттіліктің, әрі әйелдік ерекшеліктің ер кісіге арналуы. Бұл да – әйелдің салмақты, көрнектілігі мен абыройының иләһи түрде қорғалуы. Еркек үшін неке оны нәпсінің құрған тұзағына түсуден құтқаратын және оған намысты, байсалды түрде жанұя өмірін кешкізетін бір ұлы арна. Неке – рухқа беретін тыныштық, рахаттықпен бірге тәннің жүйелі болуына бірден-бір себепкер.

Мінез-құлықтың әдемі болуы некенің арқасында. Жанұя бақыты, қоғамның ауқатты болуы мен дамуы, өркендеуі тағы да сол сияқтылар некенің арқасында. Әйел құшағына алған балапаны арқылы мейірім-шапағат сезімдеріне ие болады. Тәрбиешілік сынағынан өтеді. Еркек болса, жауапкершілік сезімімен қоса, отағасы сипатымен салмақтылық сатысынан көтеріле бастайды. Себебі, жанұя ұлттық құрылымдағы ең кішкентай, бірақ ең негізгі басқарма бөлімі. Міне, сондықтан да адамзатқа жол көрсетуші, (жас кезінде аспанға көтерілген Хазіреті Исадан басқа) барлық пайғамбарлар некеге отырған. Олардың жолын қуған ұлы да қасиетті адамдардың өмірлері де осылай өткен. Мұсылман адамның тақуалықтан кейінгі ең қымбат нәрсесі – салихалы әйелге неке қию.

Салихалы әйел – еркек үшін бақыт құсы. Ұлттар жанұяның мықты болуымен дамиды, өркендейді. Адамзаттың әйел мен еркек болып жаратылуы шындығы бойынша құрылған жанұя шаңырағындағы Аллаһтың ең үлкен белгілерінен. Ақыл иелері үшін некедегі ғибрат жайлы төмендегі аят кәримада былай делінген: «Бой ұрып тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірім орнатқандығы да оның белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда көптеген ғибраттар бар екені шүбәсіз». (Рум, 21)

Бұл аят кәрима көптеген сырлармен қоса, үйленудегі ең үлкен мақсатты көрсетеді – Алла жолында махаббат пен мейірімділік иесі болу... Сол үшін Хазіреті Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жұбайы бола алатын әйелдің сипаты әрі оны таңдау туралы былай бұйырған: «Әйелге төрт түрлі себеппен, яғни дүние-мүлкі, сұлулығы, тегі және діндарлығы үшін неке қиылады. Сендер, діндар болғанын таңдаңдар, қолдарыңа береке тисін!..» (Бұхари, Неке VІ.123; Мүслим, Рада, 53)

Басқа бір хадис шәрифте: «Адамның ұлылығы – дінінде. Адамгершілігі мен абыройы – ақылында. Тегінің тазалығы болса, некемен қорғалған мінез-құлқында жасырылған», - делінген. Қоғамның бұзылмауына себепкер неке болғандықтан, Алланың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны қиындатпауы туралы үмметіне төмендегідей ескерту жасаған: «Некенің ең қайырлысы – жеңіл болғаны». (Әбу Дәуіт, Неке, 32)

Өйткені, некенің қиындауы жезөкшеліктің көбейіп кетуіне себепші болады. Ал, бұл болса қоғамның құлдырауына апарып соғады. Осындай құлдыраудың алдын алудың ең жақсы жолы – неке деген ұғымға көңіл аударып, үйленуге қаражаты болмағандарға көмек көрсету. Өткен тарихымызда дәл осы қайырлы іске өте көп көңіл аударылған. Сол үшін көптеген қайырымдылық қорлары ашылған. Тіпті, Көсем Сұлтанның жесірлер мен жетімдерге арнап ашқан үйлендіру қоры бәріне әйгілі.

Мұхиддин Араби (құддисә сирруһ) Хазіреті некелесуге шақырып, үйленгендерге жәрдем етудің сауабы жайлы былай дейді. «Садақа Жәрияның (адам өлгенен соң да, сауап жазыла беретін садақасы) ең абзалы – үйленуге жәрдемші болу. Өйткені, олардың нәсілінен келетіндер істейтін жақсылықтардың сауабы үйленуге дәнекер болғанға да тиеді». Сонымен қатар, отаудың құрылу барысында істелінетін әр түрлі рәсімдерге өте кішіпейілділік көрсету және ысырапқа жол бермеу қажет. Шариғатқа сәйкес келмейтін көптеген теріс іс-әрекеттермен, әдет-ғұрыптармен осы қасиетті іске жаман бір бастама жасау – өкініш есігін қағу болып саналады. Тек ұлы жаратушы иеміздің үкімдеріне бой ұсынып, әдептілік қағидаларына сәйкес өтетін неке рәсімі мен той – мүбарак әрі дұғалар, тілектер қабылданатын жерлердің бірі.

Қысқасы, үйлену – исламның ерекше көңіл бөлген заттық не рухани тұсы бар ұлы мекемесі. Сол себептен, бұл ұлы мекеменің құрылуында айрықша көңіл аударып, өте мұқият болу керек. Олай болмаған жағдайда, отау құруды жай ғана бірге болу деп, көріп құрылған жанұялар, арш-ы аланы дірілдететін оқиғалар деп танытылған – ажырасулармен тарқап, жаман нәтиже табады. Алланың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұйырады: «Үйленіңіздер ажыраспаңыздар! Өйткені, ажырасудың әсерінен арш-ы ала дірілдейді...» (Мұхтарул-АхадисинНәбәуия, 228)

Әсіресе ойын-сауық болсын деп жайдан-жай әйелін талақ етіп, ажырасу – есебі ауыр, азабы үлкен кінә әрі зұлымдық. Бұл да Аллаһтың еш уақытта кешірмейтін құл ақысын арқалап, құрдым мен азапқа қарай, ғапылдыққа толы қадаммен жүру болып табылады.

материал «Махаббаттағы сыр» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: