Жұбайымен кеңесу – еркектің ар-намысына тиетін жайт емес

Жұбайымен кеңесу – еркектің ар-намысына тиетін жайт емес

Исламдағы отбасы
Жарнама

Ең әуелі, әйел Құдайдың жаратқан сен сияқты пендесі. Міне, сол үшін де құрметке лайықты. Мұны бір деп біл.

Екіншіден, әйел қауымы ішінен өзің таңдаған өмірлік жарың. Сенің серігің болғандықтан құрмет ет. Бұған қоса, ұл-қызыңның анасы, тәрбиешісі. Сенің жұрт білмейтін, тіпті досың да сезбейтін көптеген сырларыңның сандығы. Шаңырағыңа жылулық сыйлайтын жан. Сондықтан, құрметке лайықты.

Ануар Уарда доктор былай дейті: Марқұм әкем Абдуғани Уарда бір топ кісілермен әңгіме-дүкен құрып отырған екен. Әңгіме әйелдер және отбасылық өмір жайлы тақырыпқа ойысты. Сонда араларынан біреу: «Әйел – кебіс сияқты. Еркек өзіне ұнамды және аяғына шап-шағын тапқанға дейін ауыстырып, өзгерте алады», – дейді. Сонда отырған кісілер менің әкеме қарап: «Шейх бұл сөзге сіз не дейсіз?» – деп ойын білгісі келеді.  Әкем: «Бауырымның айтып отырғаны толығымен дұрыс. Әрине, әйел – кебіс, егер еркек өзін аяқ деп білетін болса. Ал өзін бас деп білген азамат үшін әйел бастағы тәжі... Айтушыны сынауға асықпаңыздар, сөзінен оның кім екенін біле отырыңыздар, – деген екен әкем.

Әйелін төмен санаумен еркек өз деңгейін көрсетеді. Жұбайын тек ас әзірлеуші, киімін тазалаушы бейнеде көруге шамасы жетуде. Ал әйелімен ақылдасу, кеңесу деген дүниені басына сыйдыра алмайды. Нағыз еркек әйелімен ақылдаспайды деген түсінікте. Хазрет Омар: «Уаллаһи, Ислам келіп әйелдер жайлы аяттар түсіп, оларға тиесілі сыбағасын бөліп бермейінше жаһилиет дәуірінде әйелді адам есебінде санамайтынбыз», – деп еске алады. Демек, мұндай ой-түсінік дінімізге теріс. Адамзаттың асыл тәжі Хира үңгірінде алғаш уахи түскенде, өзіне таңсық һәм беймәлім құбылыс жөнінде Хадиша анамызбен ақылдасты. Ифк – жала жабу оқиғасында Айша анамыз жайлы Жахшқызы Зейнептің ой-пікірін сұрады. Худайбия келісімінде де жұбайы Үммі Сәләманың кеңесімен құрбандығын шалып, шашын алдырды. Мұны көрген сахабалар да үн-түнсіз Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) артынан қажылық рәсімдерін орындады. Бұл жөнінде Хасан Басри: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Үммі Сәләманың кеңесіне мұқтаж емес еді. Десе де, адамдардың оны үлгі етуін көздеді. Сонымен бірге, жұбайымен кеңесу еркектің ар-намысына тиетін жайт деп қарамауын қалады», – дейді.

материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: