Отбасылық өмірге қадам басқан ұл мен қызға ескерту

Отбасылық өмірге қадам басқан ұл мен қызға ескерту

Исламдағы отбасы
Жарнама

Бүгінгі таңда қоғам арасында белең алып отырған ажырасу проблемасы көптің көңілін алаңдатып отыр. Статистикалық мәліметтерден отбасылық ажырасудың елімізде жыл сайын көбейіп келе жатқанын байқаймыз.

Бұған не себеп?

Шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылар бақытты отбасы болу жолдарын білмегені ме?

Бірінші: Қазір қоғамда ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбейіп келеді, бұл рас. Мұның себебі көп. Бір таңғаларлығы – біз сол себептердің туындауына не себеп болып жатқанын да жақсы білеміз, бірақ біле тұра соны ескермейміз.

Екінші: Негізінде, әркім өз өмірін бақытты ету жолдарын және оған не нәрсе кедергі боп жатқанын жақсы біледі. Бірақ біздің ең басты кемшілігіміз білгенді жүзеге асыра алмауда жатыр. Яғни, мәселе білмеуде емес, білгенмен өмір сүрмеуде болып тұр. Рас, бүгінгі таңда көптеген рухани құндылықтар тасада қалып, кейбірі тіпті санамыздан өше де бастады. Ал бұған кімді кінәлаймыз?

Бұл жерде ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ, әрине, кінә өзімізде!

Құрметті оқырман! Қолыңыздағы еңбектің мақсаты – білген нәрсені пысықтап, ұмытқанды еске салып, өше бастаған құндылықтарды қайта жаңғырту арқылы шаңырақ көтеруді қалаған немесе отау құрған жастарымызды бақытты отбасы болуға ынталандыру.

Атақты Француз ойшылы Поль Валери: «Ғылым – сәтті шыққан рецептер жиынтығы», – дейді. Ендеше, сіз сол рецептерді, яғни бақытты отбасы болуға жетелеп, ажырасудың алдын-алуға көмектесетін рецептер жиынтығын осы еңбектен таба аласыз. Тек амал етсеңіз болғаны!

Шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге қадам басқан ұл мен қыз мына мәселені мұқият ескергені жөн:

Бірінші: Отбасы – қоғамның ең маңызды тірегі. Бұл тіректің беріктігі – ұлттың, мемлекеттің айбынды қуаты. Отбасын құру жолында жіберген сәл бір ағаттық ертең ұлтқа кесірін тигізеді.

Екінші: Үйленуді қадір тұтып, отбасылық өмірге қадам жасауға алдын-ала дайындалу қажет, себебі отбасылық өмір адамнан үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Үшінші: Қылт еткен болмашы қиындыққа бола ажыраса салатындай отбасы еріккеннің ермегі емес. Шариғатымыз «отбасы» деген қастерлі ұғымды ойыншыққа айналдыруға қатаң тыйым салады, тіпті «рұқсат етілген іс-әрекеттің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы – ажырасу» екенін айтқан. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл жайлы былай деген:

«Рұқсат етілгендер арасында Аллаға ең ұнамсызы – талақ (яғни ажырасу)» (Әбу Дәуіт, Китабут-Талақ, 2178).

«Ләззат алу үшін ғана жиі-жиі әйел ауыстырған еркектерге, жиі-жиі күйеу ауыстырған әйелдерге Алла лағынет етсін».

«Маңызсыз себеппен ерінен ажыраспақ болған әйелге жаннат иісі харам» (Әбу Дәуіт, Талақ, 3).

«Кімде-кім бір әйелді күйеуіне айдап салса, бізден емес» (Ахмад ибн Ханбәл, 397).

материал «Шаңырақ шайқалмасын десеңіз...» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: