Бірде бір ғалым кісі Қағбаның перделерін жағалап келе жатқан бір күңнің былай деп айтып жатқанын естіді:
«Әй, Раббым! Сен мені маған деген махаббатыңмен кешірдің». Сол кезде ғалым кісі: «Ей, күң! Жаратушыға әдептілік таныт. «Сенің маған» емес, «менің саған деген махаббатым» деп айтқаның жөн», - деді. Бұған әлгі күң әйел былай жауап берді: «Жоқ! Мен кәпірлердің елінде болғанда, Алла жайлы дым білмейтін едім. Ол маған өзінің әулиелерін жіберді. Олар менің елімді жеңгенше соғысып, көбісі шәһид болып өлді. Сөйтіп, мен Алланы таныдым және «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед – Оның елшісі» деп куәлік етіп, Исламды қабылдадым. Алла осының бәрін мен үшін жасады. Мен Оны тану үшін Өзінің әулиелерінің қаны ақты. Ендеше, бұл Оның маған деген махаббаты емес пе?»
Ол әйел адамдардың көзінде күң болғанымен өзін Алланың нығметіне бөленген ерке патшайым санайтын. Ол Алланың жасаған арнайы сыйын көре білді. Сөйтіп, адамдардың құлағы шалынатындай махаббатымен жалбарынды. Дауысын да еш бәсеңдетпеді. Оның Аллаға деген сенімі, иманы өзіне деген сенімділікті берді. Құрметті, үй тіршілігін жасап, балаларын тәрбиелеп отырған ана! Баз біреулер сені «үй шаруасындағы әйел» деп кемсітіп, жетістікке жетушілердің тізімінен алып тастаған болуы мүмкін. Алайда, оларға Алла сенің табаныңның астына жұмақ қойғанын айт. Ақыреттегі таразың ауыр басатын салиқалы жандардан екеніңді айт. Алайда, таразыңның не үшін ауыр басқанын өзің де білмеуің мүмкін. Бірақ, сен сәбиіңе ақ сүт беріп, түн ұйқыңды төрт бөліп, оны Алланы таныған мұсылман қылып өсіруің жайлы не ойлайсың? Бұл оңай ма? Осыншама жылдар, осыншама күш жұмсап, сабырлылық танытқаныңды қандай періште жазады? Оң жақтағы періште ме, әлде сол жақтағы ма? Сенің омыраудан шықпаған балаңмен өткізген өміріңдегі әрбір секунд жақсылықтарды өлшейтін таразыңа түседі. Ол балаңның жасаған әрбір жақсы амалында да сен үшін үлес бар. Сенің әрбір жасаған тамағың үшін, әр тойдырған қарын үшін де саған садақа сауабы бар!
материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,
ummet.kz