Адамдарды қиындыққа душар ететін себептердің көпшілігі олардың өздеріне берілгеннесібелеріне қанағатсыз болуларынан және ризықтары тарылған уақытта, аштықтан қорқып жаманшылыққа жол ашуларынан туады. Негізінде, оларды асыраушы - Алла Тағала ғана.
Алла Тағала айтады: «Жердің бетінде ризығы Аллаға тәуелді болмаған бір жануар жоқ» («Һуд» сүресі: 6). «Ол сендерге жерді бағынышты етті, оның бетін кезіңдер де, ризығынан жеңдер және Оған ораласыңдар» («Мулк» сүресі: 15). «Ол жердің бетіндегі бүкіл нәрселерді сендер үшін жаратты» («Бақара» сүресі: 29). «Сендерге көктердегі нәрселердің, жердегі нәрселердің барлығын Өз әмірімен бағындырды» («Жасия» сүресі: 13).
Пайғамбарлардың көбісі, оларға Алла Тағаланың рахымы мен аманшылығы болсын, өз тіршіліктерінде белгілі бір кәсіппен шұғылданып, ешбіреуі халықтың мойнына масыл болмаған еді. Өйткені ислам діні амал мен кәсіп қылуды әр мұсылманның міндеті әрі абыройы етті. Сонымен қатар еңбек ету құлшылыққа жатады, өйткені ол мұсылманның ар-намысын сақтап, қадірі мен беделін қорғайды. Еңбекқор мұсылман қоғамның қызметі мен пайдасы үшін өмір сүреді. Мұсылман үшін кәсіптің қоры – тек қана шариғат арам еткен жұмыс. Сондықтан оның кәсібі қаншалықты шағын болса да, ол жұмыссыздық пен
жалқаулықтан артық болады. Алланың елшісі (алайһи ас-солату уа ас-салам) егіншілікке былай қызықтыратын: «Мұсылман бір егін ексе, немесе бір ағаш отырғызса, кейін одан адам жесе, немесе құс жесе, немесе мал жесе, ол еңбегі садақа бергенге жатады», тағы бір хадисте кәсіп етуге қызықтырып: «Ешкім өз еңбегімен тауып жеген тамағынан жақсырақ тамақ жей алмайды, расында, Алланың пайғамбары Дәуіт өз еңбегімен тауып жейтін»-деді.
Тағы бір хадисте: «Сендердің біреулерің қолына жібін алып, арқалап бір бума отын сатуы, (Аллаһ тағала оны бұл кәсібі арқылы жоқшылықтан сақтайды), адамдардан тілемсектеніп, олардың оған бергендерінен, немесе бермей қайтарып жібергендерінен жақсырақ»-деді. Беруші қол сұраушы қолдан артық болады.
Бір күні Алланың елшісі (алайһи ас-солату уа ас-салам) жұмыстан алақандары күстеніп кеткен бір мұсылманды көреді. Оны қадірлеген түрде еңбекқор қолын жоғары көтеріп: «Мына қолды Алла да, елшісі де жақсы көреді»-дейді. Омар, Алла оған разы болсын, былай деген еді: Расында, мен бір кісіні көріп, ол мені таң қалдырса: «Оның кәсібі бар ма екен?»-деп сұрайтынмын, егер маған: «Жоқ»-деп жауап берілген болса, ол менің назарымнан тыс қалатын».
Осындай бағыт беретін аяттар мен хадистердің жетелеуімен алғашқы мұсылмандар жер-жерге аттанып, дінді тарататын, ризықтарын іздейтін, білім егетін, адамдарды иманға шақыратын, Алланың жолында исламның тарауына кедергі жасаған дұшпандармен соғысатын. Кәсіп етпей ризық күту – Алла Тағала жек көретін іс. Жұмыс істемей, біреудің мойнына масыл болу – исламға жат қылық, өйткені ол исламның талаптарына қайшы келеді, сондай-ақ мұсылмандарды алдыңғы қатардан қалдырады. Кім адал жолмен еңбек етіп, нәтижені Раббысына тапсырған болса, Алла Тағала оған ойламаған жерден берекелі ризық береді. Алла Тағала айтады: «Кім Аллаға тәуекел етсе, Ол оған жетіп асады..» («Талақ» сүресі: 3). Адам еңбек етуді жақсы көрсе, аш қаламын деп еш қорықпайды, қайта тәуекелі артады. Пайғамбарымыз (алайһи ас-солату уа ас-салам) бұл жайында былай дейді: «Егер де сендер Аллаға лайықты түрде тәуекел етсеңдер, таңертең қарны аш болып ұшып шығып, кешкісін қарны тоқ болып қайтатын құсты қалай ризықтандырған болса, сендерді де солай ризықтандырар еді».
.
Адамның ризығы немесе берекесі тек қана мал-мүлкінде емес, сонымен қатар денсаулығында, ақылдылығында, кәсіби шеберлігінде, жақсы қарым-қатынасында болады, сондай-ақ жақсы жұбайдың кездесуі, жақсы баланың дүниеге келуі, жақсы туыстардың қоршауы, жақсы көршілердің болуы, жақсы достармен араласуы да - берекенің белгісі. Адамға қызмет етіп пайда келтіріп жатқан нәрсенің бәрі - ризық пен береке, оларды санасаң, санына жете алмайсың, Алла Тағала Құранда айтқандай: «Егер Алланың нығметтерін санайтын болсаңдар, олардың санын шығара алмайсыңдар. Негізінде, адам тым әділетсіз және мүлдем жақсылықтың қадірін білмейді» («Ибраһим» сүресі: 34). Раббысының нығметтерін есінен шығармай шүкіршіл болу үшін, пайғамбарымыз (алай һи ас-солату уа ас-салам) былай дейді: «Өздеріңнен әл-ауқаты төмен адамдарға қараңдар да, әл-ауқаты жоғары адамдарға қарамаңдар, бұл Алланың нығметіне күпірлік етпеулерің үшін жақсы». Тағы бір хадисте: «Байлық - малдың көптігінде емес, алайда байлық дегеніміз - жан дүниенің байлығы» (Әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді).
материал «Отбасы бақытына апаратын 30 жол» кітабынан алынды,
ummet.kz