Балаға махаббатты көрсету. Ата-ана балаға өз сүйіспеншілігін сезіндіруі керек. Бұл – оны құшақтау, оған көңіл бөлу, әңгімелесу, мәселелерін тыңдау арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар балаға өз ойы мен сезімін еркін білдіруге мүмкіндік беру маңызды. Оның пікірін немесе сезімін елемеу не мазақ ету сенімін әлсіретеді.
Баланың көзінше ашуға берілмеу. Ата-ана – баланың айнасы. Ол ата-анасын үлгі тұтады. Бала ата-анасы бақытты болса, өзін де бақытты сезінеді. Ал егер олар ашуланып тұрса, бала өзін кінәлі сезініп, ата-анасы оны қабылдамай жатыр деп ойлауы мүмкін. Сондықтан бала алдында теріс эмоцияларды көрсетуден, ашулы көзқарастардан аулақ болу керек. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Балаңызды әдепті сөйлеуге, тыңдай білуге және өзгелердің пікірін құрметтеуге үйретіңіз. Бұл тек сіз онымен сабырлы сөйлесіп, оның ойын шын көңілмен тыңдағанда ғана жүзеге асады. Оған тыңдай білудің – ақылдылық пен сыпайылықтың белгісі екенін түсіндіріңіз.
Балаңыздың көзінше жиі шағымданбаңыз. Бұл оның бойында өмірге деген пессимистік көзқарасты қалыптастырады. Нәтижесінде ынта-жігерден айрылып, өмірде талпынуға деген құлшынысын жоғалтады.
Балаңызды басқа балалармен салыстырмаңыз. Бұл оның өзіне деген сенімін әлсіретіп, өзгелерге деген қызғаныш пен өшпенділік сезімін оятады. Сіз – балаңыздың айнасысыз. Олар сіздің сөздеріңіз бен іс-әрекеттеріңізді көріп, дәл солай қайталайды. Сондықтан өз мінез-құлқыңызға мұқият болыңыз.
Балаңызды тыңдауға көбірек уақыт бөліңіз. Егер тек сөйлеп, ақыл айтумен шектелсеңіз, араларыңызда алшақтық пайда болуы мүмкін. Әсіресе, жасөспірімдер мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынастың суып кетуіне әкелуі мүмкін.
Тым көп ақыл айтуға әуестенбеңіз. Шектен тыс кеңес пен ескерту балаңызды сізден алыстатуы мүмкін.
Балаңызға уәде берсеңіз, оны орындаңыз. Уәдені орындамау балаңыздың сізге деген сенімін жоғалтып, сізді құрметтеуіне кері әсер етеді. Сонымен қатар ол сізден сөзінде тұрмау мен жалған сөйлеуді үйренуі мүмкін.
материал Нұрбол Рахматилланың «Халал сиқыр» кітабынан алынды,
ummet.kz