Бақытты некенің негізгі қағидалары

Бақытты некенің негізгі қағидалары

Исламдағы отбасы
Жарнама

Құрметті ер азамат!

Егер отбасыңдағы тыныштық пен сүйіспеншілік ұзақ сақталсын десең, мына қағидаларға мән бер: Жанұяңа өзге адамдардың араласуына төтеп бер.  Әсіресе, ата-ана тарапынан қарым-қатынасқа әсер ететін жағдайға жол берме. Бұл жанжалдың басты себебіне айналуы мүмкін. Өзіңді жоғалтпа.  Ер адам ретінде әлсіздік пен жалқаулықтан аулақ бол. Алайда өз қадіріңді төмендетіп, тым көнгіш болуға да болмайды. Әйеліңе ауыр сөз айтпа. Ашу үстінде айтылған сөздер оның жүрегінде ұзақ уақыт сақталып, жазылмайтын жараға айналуы мүмкін. Қоғам алдында ұрысудан аулақ бол.  Әйеліңмен көпшіліктің алдында дауласу қарым-қатынасты одан әрі шиеленістіріп жібереді.

Өткенді қазбалаудан сақтан. Егер дау туындаса, тек қазіргі жағдай туралы сөйлес. Бұрынғы қателіктерді қайта қозғау араларыңдағы жараны тырнай түседі. Түсіністік пен мейірімділік таныт.  Егер әйелің ашулы болса, сабырлық таныт. Кез келген жағдайды үлкен дауға айналдырма. Уәдеңді орында.  Бір нәрсеге келіссең, оны сөзбұйдаға салмай, дер кезінде жаса. Жауапкершілікті мойныңа ал.  Қателікке жол берсең, оны мойында. Кінәні әйеліңе аударып: «Сенің кесіріңнен осылай болды», – деп ақталма. Жұмыс пен жанұяның тепе-теңдігін сақта.  Өмірде  «Отбасы – бірінші орында»  деген қағиданы ұстансаң, шынайы бақытқа жетесің. Әйеліңнің қызығушылықтарына қызығып қара. Кейде оның сүйікті ісіне ортақтасып, оған серік бол. Бұл араларыңдағы байланыс пен жақындықты арттырады. Тек қажетті сәттерде ғана емес, күнделікті бірге уақыт өткіз.  Әйеліңмен тек белгілі бір сәттерде ғана емес, жай ғана әңгімелесіп, бірге күліп, ортақ уақыт өткізудің маңызы зор.

Оның жан дүниесіне құлақ түр.  Егер ол күні бойы бастан кешкенін айта берсе, оны тыңда. Сен де өз шаршағаныңды айтып, жарыса кетпе. Ұсақ-түйек өтініштерді елемей қалма.  Егер ол үйдегі бір нәрсені жөндеуді сұраса, көп созбай, реттеп бер. Сырт келбеті туралы ауыр сөз айтпа.  «Семіріп кеттің» немесе «бұрынғыдай әдемі емессің» деген сөздер әйеліңнің көңілін түсіріп, өзін бағаламауға алып келеді. Керісінше, оны жиі мақтап, сырт келбеті мен еңбегін бағала. Әйел үй қызметшісі емес. Үй шаруасына және бала тәрбиесіне қолғабыс ет.  Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына ең жақсы болғандарың», – деп өсиет еткен. Бақытты неке өзара құрмет пен сүйіспеншілікке негізделген.

материал Нұрбол Рахматилланың «Халал сиқыр» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: