Бала тәрбиесіндегі Пайғамбар (с.ғ.с) сүннеті: Ұл-қыз деп алаламау

Бала тәрбиесіндегі Пайғамбар (с.ғ.с) сүннеті: Ұл-қыз деп алаламау

Исламдағы отбасы
Жарнама

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) балаға «Алла тағаланың берген сыйы»[1] деп қарағандықтан, ұлды артық көріп, қызды кемсітуге жол бермеген.

Қоғамды қыз баланы жек көрмеуге шақырып, «Егер таңдау еркі маған берілсе, қайта қыз баланы артық санар едім»[2] деген. Өйткені, қыз баланың жүрегі жұмсақ, жаны нәзік, ол ертеңгі біреудің қимас серігі, оң босағадағы қонақ деп түсіндірген. Өзі сапарға шыға қалса, ең соңынан қызы Фатимамен қоштасып, оралғанында ең алдымен соған амандығын сұрап, кіріп шығатын[3]. Қызды қор көрмеуге шақырып, «Кімде кімнің үш қызы болып, ұлды олардан артық санамаса, жақсы тәрбиелесе, Алла ондай ата-анаға жұмақты нәсіп етеді»[4] дейтін. Қыз балаға мейіріммен қарауға шақырып, оның сауабы зор екенін білдіретін.

Осы орайда Айша анамыз (р.а.) тілге тиек еткен мына бір әңгіме өте мәнді. «Бірде маған бір әйел қайыр сұрай келді. Қасына ертіп алған екі қызы бар екен. Менде бары бір тал құрма еді. Әлгі әйел мен берген құрманы екі бөліп, екі қызының аузына тосты. Өзіне ештеңе қалдырмады. Олар кетіп қалғаннан кейін Пайғамбарымыз келді. Мен болған жайтты әңгімелеп бергенімде, «Кім өмірде қыздарымен сыналса, қыздарына жақсы қараған жағдайда қыздары ата-анасын тозақтан сақтайды»,[5] – деп еді.

Әркез отбасында балаларды бір-бірінен алаламауға шақырып, «Балаларыңды бөліп-жармай, теңдей көріңдер»[6], «Бала алдындағы ата-ана міндеттеріңнің бірі – оларды алаламау»[7], - дейтін.

Бірде бір кісі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қасында отырған кезінде, жанына ұлы келеді. Әлгі кісі ұлының бетінен сүйіп, оны алдына отырғызады. Сәлден кейін қызы келеді. Қызын да шақырып, алдына отырғызады. Бірақ оның бетінен сүймейді. Бұны байқаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Екеуін теңдей көрмейсің бе?» – деп ескерту жасайды[8]. Осы тәрізді бірқатар хадистерді талдай келе, мұсылман ғұламалары «балаларға сыйлық бергенде ғана емес, еркелетіп, бетінен сүйген кезде де оларды алаламауға көңіл бөлу керек»[9] деген қорытынды жасаған.

Осы тұрғыда мына бір оқиға да ерекше мәнді. Нұғман ибн Бәширдің (р.а.) әкесі бір күні:
–Уа, Алланың елшісі, өзге балаларым да бар. Бірақ, Нұғманым бір төбе. Рұқсат етсеңіз, дүние мүлкімнің көбірек бөлігін Нұғманға бергім келеді», – дегенде, Пайғамбарымыз: 
– Өзге ұлдарыңа да сол мөлшерде бердің бе?» – деп сұрады. 
– Жоқ. Алла Елшісі басқаларына да ескерткісі келгендей көтеріңкі дауыспен:
– Алладан қорқыңдар, балаларға әділ қараңдар! - деді. Артынша Бәширге бұрылып:
– Сен әлде бар балаларыңның өзіңе бірдей құрмет көрсетуін қаламайсың ба? – деп сұрады.Ол:
– Жоқ, қалаймын ғой, – деп күмілжігенде, 
– Ендеше, бұлай жасаушы болма, – деп қатаң ескерткен еді.[10]

[1] Хаким, әл-Мүстәдрак, ІІ, 284.
[2] Дәйләми, Мүснәдүл фирдаус, 3а.
[3] Әбу Дәуіт, Тәрәжжүл, 21.
[4] Ибн Мажә, Әдәб, 3; Тирмизи, Бирр, 13.
[5] Бұхари, Зекет, 10.
[6] Әбу Даууд, (3544. Х.).
[7] Мүснәд, 4/269.
[8] Мәжмауз-Зәуаид, 8/156.
[9] Тирмизи, Ахкам, 30 (1387 х.)
[10] Бұхари, Хибә, 12-13; Нәсаи, Нухл, 1; Тирмизи, Ахкам, 30; Ибн Мажә, Хибә, 1; Тайалиси, 1/280.

 

дереккөз: muftyat.kz

Бөлісу: