Қазақ қоғамы ескеруі тиіс мәселе

Қазақ қоғамы ескеруі тиіс мәселе

Исламдағы отбасы
Жарнама

Бүгінгі таңдағы ене мен келін арасындағы қарым-қатынас жайлы әрқилы жағымсыз пікірлер айтылып жүр. Бұл бір жай ғана отбасы, ошақ қасының мəселесі іспетті көрінгенімен, өз кезегінде біздің ұлттық болмысымыздың бояуын солғындата түсетін дүние екені бесенеден белгілі.

Айналамыздан көріп-естіп жүргеніміздей, екінің бірінің басында «адуынды ене» не болмаса «кесірлі келін» жайлы күрмеуі шешілмей жүрген түйткілдер бар.

Негізінде, ел көшінің түзеліп, сəн-салтанаты келісіп, ұлт болып ұйысуда ұрпақ тəрбиесінің маңызы зор. Осы орайда негізгі рөл атқаратын ене мен келіннің өзара қарым-қатынасының дұрыс болғаны жөн-ақ. Өйткені, отбасының берекесін кіргізу де, тулақтай тоз-тозын шығару да олардың өз қолдарында. Егер ене мен келіннің керісі өз шешімін таппаса, шаңырағының берекесін қашырып, нәтижесінде отбасындағы жас өскіндердің психологиясына, сонымен қатар, тәрбиесіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл өз кезегінде, желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтың еңсесін түсіріп, олардың жасық, жалтақ боп қалыптасуына,  бұрыс жолға бұрылып кетуіне итермелейді. Бұл ұлттық тәрбиеге жасалған қысастық, ауыр соққы екені даусыз.

Кейде жап-жас, шымылдығы желбіреген келіндердің енесі туралы мұрнын тыжыртып, жақтырмай не еліріп, екілене сөйлеп отырғанын көріп, «бұл қаршадай келін енесінен не тақсірет тартып үлгерді екен сонша?» деген ойға қаласың. Жастайымыздан анамыздың «үлкен үлкендігін жасағанда, кіші кішілігін жасау керек» деген сөзін санамызға сіңіріп өстік. Оның пайдасын көрдік те, көріп те келеміз. Менің айтпағым, келіндер қауымы ененің айтқан сынын аналық қамқорлық деп қабылдап, (әрине, бірден мойындап, мойынсұну қиын) өзін тәрбиелеп, Шәкәрімше айтқанда:

«Біреудің мінін көргенше,

жамандығын тергенше,

өз ойың, бойың тазалап,

өзіңмен алыс өлгенше», дегіміз келеді.

Сонда енесіне деген ашу-ызаны іштей семіртпей, семдіріп, өзін енесінің тілін тауып, разылығын алғанда ғана бақытты болатынына сендіріп, әуелі Алла разылығы үшін деп іс қылса, көп жағдайда шешілмейтін түйін жоқ.

Көпке топырақ шашудан аулақпыз, елімізде айрандай ұйып, мерейі тасыған отбасылар да баршылық. Алайда, арамызда мəселені шешуші емес шиеленістіруші, бала-шағасын жеткізген əуелі Алла екенін ұмыт қалдырып, міндетсінетін енелер саны да артып келеді. Келінді «отырса опақ, тұрса сопақ» етіп, түртпектің астына алып, баласының тілеуін тілеп отырар шақта шаңырағының шытынауына себепкер боп отырған аналарды көргенде көңілің құлазиды, іштей қынжыласың. Кейде сондай жайтқа кезіккенде, елімізде мемлекет тарапынан «Келіндер мектебі» мен «Енелер институты» ашылу керек-ау деген ой қылаң береді. Расында да, ата-баба жолынан алшақтап бара жатқан мына біздің қоғамға арнайы мамандар жұмылдырылған осындай орталықтар керек-ақ. Бойжетіп келе жатқан қыз баланың құлағына «алтын сырға» тағып, некелі өмірге дайындау, дəстүрлі отбасын насихаттау жұмыстары, аналарымызды дана ене болуға шақыру жұмыстары қолға алынатын кез келді. Себебі, бұл жылдан жылға күрделеніп, қойыртпаққа айналып келе жатқан дүние. Дəл осылай кете берсе, қиын... Тіпті, ойлаудың өзі құйқа шымырлатарлық.

Бұрынғы қазақ қоғамында ене мен келін арасында дəл бүгінгідей кері кеткен қатынас болмаған дегенді бек сеніммен айта аламыз. Бұған біз қазақта «жер дауы, жесір дауы, құн дауы, ар дауы» дегендер болғанын, бірақ «ене мен келін дауы» дегенді естімегенімізді көлденең тартамыз. Төбе билердің ене мен келін дауына төрелік айтқан шешендік сөздерін де оқымадық. Дала заңы бұл мəселенің қалай алдын алып отырды? Осыған терең үңілуіміз қажет.

Ата-бабамыз «дəстүрдің діңгегі – дін» деп санаған. Себебі, сахих хадистерде ене мен келіннің қарым-қатынасы жайлы нақты айтылмағанымен, үлкендерге құрмет көрсету парыз етілген. Сондай-ақ, əйелге Алланың разылығы, ерінің разылығында екені ескертілген. Азаматының тілеуін тілеген қазақ əйелі үшін одан артық не тыйым керек?! Енесіне қырғи-қабақ таныту – еріне қиянат жасаумен пара-пар екені айтпаса да түсінікті. Айша анамыздың (р.а.) «əйелдің мойнында ең көп кімнің ақысы бар екенін сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «күйеуінің» деп, «ал, ер кісінің мойнына кімнің ақысы көбірек жүктелген?» деген сұрағына, «анасының» деп жауап берген екен. Тағы бір хадисте ата-ананы жəннаттың орта қақпасына теңеген. Ата-ана разылығын ала алмаған адамға жəннаттың есігінің айқара ашылуы неғайбіл.

Олай болса, ата-ана разылығына бөленуге асығайық.

Біздікі ақыл айту емес, өткеннен ғибрат алып, келешекке кемел ұрпақ қалдырсақ деген ниеттен туындаған ізгі ойымызды жеткізу ғана. Əрбір Ана өзінің де бір кездері бөтен босағаны тосырқай аттаған келін болғанын, əр келін ертеңгі Ене екенін естен шығармаса екен дейміз.

Бұл тұрғыда сіздің ойыңыз қандай, оқырман?

Гүлбала ҚОШТАЙ,

көпбалалы ана

Бөлісу: