ҚМДБ Стратегиялық талдау және даму бөлімінің меңгерушісі, Бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сейтбеков мешіт жамағатына «Жат діни ағымдардың қауіптілігі» тақырыбында насихат айтты.
Насихат барысында: «Ханафи мәзһабы – тек бір аймақтың немесе бір ғалымның пікірімен шектелмеген, исламдағы фиқһ ғылымының кең әрі ауқымды, дәлелге бай, терең де жүйелі мектебі. Бұл мәзһаб ғасырлар бойы түрлі қоғамдық және тарихи өзгерістерге лайықты жауап берген, жоғары деңгейде сараланған фиқһи мектепке айналды. Матуриди мектебі болса, Құран мен сүннетке, әрі ақылға негізделген сенім жүйесін қалыптастырып, мұсылманды тек сенуге ғана емес, ойлауға, түсінуге, дінді терең тануға шақырды. Бұл – діни фанатизм мен соқыр еліктеуден аулақ, бірлік пен бейбітшілікке негізделген парасатты жол.
Алайда бүгінде осы рухани тамырымызды үзуге тырысатын жат діни ағымдар өз идеологиясымен қоғамымыздың ең қымбат байлығы болған бірлік пен берекеге зиян тигізуде. Олар діннің сыртқы формасын ғана алға тартып, ішкі рухын, адамгершілік пен хикметін ескермейді. Жаратушының разылығына емес, өз топтарының тар мақсат-мүддесіне қызмет ететін мұндай ағымдар жүректі, сананы және қоғамды улайды. Абай атамыз: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» – деп, ынтымақ пен бауырмашылдықты дініміздің өзегі етіп көрсетті. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Барлығың да Алланың жібіне (яғни хақ дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер...», – деген («Әли-Имран» сүресі, 103-аят).
Ислам діні адамзат баласын бейбітшілікке, әділеттілікке және өзгелерді құрметтеуге шақыратын ұлы дін. «Ислам» сөзі араб тілінде «бейбітшілік», «мойынсұну» деген мағыналарды білдіреді. Бұл діннің басты мақсаты – қоғамда бірлік пен тыныштықты сақтау. Алайда Исламның осы ізгі құндылықтарын бұрмалап, өз мүдделері үшін пайдаланатын жат ағымдардың болуы діннің шынайы бейнесіне көлеңке түсіреді. Мұндай ағымдар тек жеке адамдардың ғана емес, бүкіл қоғамның тұтастығына қауіп төндіреді» деді Смайыл Сүйерқұлұлы.
Сондай-ақ, қасиетті Құран аяттарынан, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмір жолынан ғибратты оқиғаларды тілге тиек етті. Уағыз соңында мешіт жамағымен бірге еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін арнайы дұға жасалды.






ummet.kz