«Әл-Фараби»: «Жан мен тәннің рухани тазалығы» тақырыбында уағыз айтты (фото)

«Әл-Фараби»: «Жан мен тәннің рухани тазалығы» тақырыбында уағыз айтты (фото)

Мешіт тынысы
Жарнама

Қасиетті жұма күні еліміздің барлық мешіттерінде «Жан мен тәннің рухани тазалығы» тақырыбында жамағатқа жұма уағызы айтылды.

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітіне арнайы келген ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімінің меңгерушісі, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы аталған тақырыпта көркем насихат айтып, дініміздегі жан мен тәннің рухани тазалығына кеңінен тоқталды.

«Адам баласының кемелдікке жету жолы – өзін-өзі тәрбиелеуден, нәпсісін тыйып, жүрегін тазартудан басталады. Шындығында, кімде-кім өз бойына үңіліп, руханиятын түзетсе – жүрегі тазарады, жаны нұрланады, амалдары көркейе түседі.

Белгілі ғалым Ибн Фарис «Муқайяс әл-луға» атты еңбегінде: «Бұл ұғымның (тәзкия) түп мағынасы екі негізден шығады: бірі – тазалық, екіншісі – өсіп-өркендеу», – деп жазады. Осы негізге сүйене отырып, нәпсіні тәрбиелеу (тәзкия) дегеніміз – жаман сипаттардан арылып, жақсы қасиеттерді бойға дарыту деп айтуға болады. Бұл істің маңыздылығы мен ұлылығын – Алла Тағала «Шамс» сүресінде ашық әрі айқын түрде баян етеді. Жаратушы Жаббар иеміз бұл сүреде он бір мәрте ант етіп, өзін (нәпсісін) тазартқандардың құтылатындығын айтады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Оны (нәпсіні) тазартқандар құтылды», – деген («Шәмс» сүресі, 9-аят).

Адамның рухани күйі – оның өмір сүру сапасына тікелей ықпал ететін көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды ішкі әлемінің айнасы. Жақсы амал жасап, күнәлардан бойын тыйғанда, жүрек жеңілдеп, сана айқындалып, өмірдің мәні мен мақсаты анық көріне бастайды. Бұл – адамның болмысы мен Жаратушы бұйырған мақсаттың бір арнаға тоғысуы. Ал керісінше, күнә мен немқұрайлық белең алғанда, жүрек қарайып, адам өзін шаршаңқы, беймазалық пен енжарлық жайлаған күйде табады. Сондықтан әрбір мұсылман өз рухани жағдайын үнемі бақылап, ішкі әлсіздіктің түп-тамырын шынайы түрде саралап отыруы тиіс. Себебі жүрек таза болмаса, амал да, ой да берекелі болмайды», - деді наиб мүфти.

Сонымен қатар, Сансызбай Құрбанұлы жан мен тәннің тазалығына жеке-жеке тоқталып, Құран аяттарынан, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмір жолынан мысалдар келтірді. Атап айтқанда, шариғатымыздағы тазалықтың орны, Алла Тағалаға көбірек зікір етудің, тәубе және истиғфардың (кешірім тілеу), шыншылдармен дос болудың екі дүниедегі пайдасын тілге тиек етті. 

Уағыз соңында Алла Тағала бізді тазалықты сүйетін құлдарының қатарына қосуын тілеп, жамағатпен бірге еліміздің тыныштығы, халқымыздың амандығы үшін арнайы дұға жасады.

80eb1914-8d5b-4707-9dea-47e7ea4387ee.jpeg

d4fb8d51-454f-4019-80b6-941baf573ec6.jpeg

26566cb8-7456-4bb3-ae05-dca31042e195.jpeg

82f6e95a-14fe-446f-9afd-4dfa39af2fdf.jpeg

ba19576f-4c55-4679-898d-486193ab741c.jpeg

c30a7bf9-7490-4114-98ca-3b516977b865.jpeg

dd12e7f5-0ec8-49a1-866f-0a47f135164a.jpeg

0ea88b4e-6c29-4b42-9b98-1ece13fa680f.jpeg

ummet.kz

Бөлісу: