«Әл-Фараби»: Наиб мүфти жемқорлықтың зардабы жайлы насихат айтты (фото)

«Әл-Фараби»: Наиб мүфти жемқорлықтың зардабы жайлы насихат айтты (фото)

Мешіт тынысы
Жарнама

Қасиетті жұма күні еліміздің барлық мешіттерінде «Пара беру мен жемқорлықтың зардабы» тақырыбында жамағатқа жұма уағызы айтылды.

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітіне арнайы келген ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімінің меңгерушісі, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы аталған тақырыпта көркем насихат айтып, адам баласына берілген ең үлкен нығметтің бірі – адал ризық екенін айта келе, жемқорлықтың зардаптарына кеңінен тоқталды.

Жемқорлық – әділеттіліктің жауы, жемқорлықтың қоғамдағы зардабы, жемқорлықтың алдын алу шаралары бөлімдеріне жеке-жеке тоқталып, Құран аяттарынан, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірінен көркем мысалдар келтірді.

«Алла Тағала қасиетті Құранда: «Егер әлгі елді мекендердің халқы иман келтіргенде һәм Аллаға қарсы келуден сақтанып, Оны паналағанда, әлбетте Біз олар үшін көк пен жердің берекет қақпаларын айқара ашып, оларды жарылқайтын едік...», – деген («Ағраф» сүресі, 96-аят). Бұл аят – берекенің заңдылығы іспеттес. Яғни, жеке адамның, не бүтін халықтың берекеге жетуінің негізгі шарты – иман мен тақуалық. Егер жүректерде шынайы сенім болып, күнәдан, арамнан сақтансақ – Алла Тағала көктен жаңбырын жаудырып, жерге ризығын шашып, әл-ауқатты арттырады.

Асыл дініміз ислам – адамға тек молшылық емес, берекелі тіршілік тілейді. Берекені беретін – Алла. Береке – адалдықтың серігі, ал адал еңбек – ризықтың кілті. Қоғамда әділдік пен тақуалық үстем болса, Алланың да берер берекесі үзілмейді. Ал зұлымдық пен арамдық жайласа, берекенің бетін көре алмаймыз. Себебі береке – санына емес, сапасына қарай түседі. Береке – жүректе, ниетте, амалдың шынайылығында.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді дана халқымыз. Адал ұрпақ өсіру ұлтқа жасалған ең үлкен инвестиция. Балаларымызға адалдықтың не екенін сөзбен емес, істерімізбен көрсетуіміз керек. Өйткені тәрбие – ақыл айту емес, үлгі болу. Егер біз өтірік айтсақ, олар да өтірік айтады. Егер біз пара берсек, олар да соны қалыпты көреді. Сондықтан бүгінгі ұрпаққа – ертеңгі жауапты мемлекет азаматы ретінде қарауымыз қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді һәм отбасыларыңды отыны адамдар мен тастардан тұратын алапат оттан қорғаңдар!» – деген («Тахрим» сүресі, 6-аят). Имам Қуртубидің тәпсірінде Муқатил ибн Хайам: «Бала-шағамызға дінді, қайыр жақсылықтарды және дін этикасын үйрету – бізге міндет» , – деп түсіндіреді», - деді наиб мүфти.

Уағыз соңында жамағатпен бірге еліміздің тыныштығы, халқымыздың амандығы үшін арнайы дұға жасады.

828fecb0-ab9b-4bd8-a7e3-1b253f418330.jpeg

e5212355-928b-4d51-a156-e998f222e8b5.jpeg

029ebcfa-9d39-413a-8f95-f6fb9ad687ce.jpeg

da7f0066-7f8e-47d6-b3ef-cd083b2b1f29.jpeg

349b9de4-8a4d-43c0-82dc-903000f1986a.jpeg

a0dc6f63-1989-4ee2-9b9a-3e94210881bc.jpeg

2d53d66f-5769-480b-99ca-b524c5803e46.jpeg

cb0ff9fa-fbea-42fb-80cd-1757139d286c.jpeg

ummet.kz

Бөлісу: