«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде әдеттегідей жамағатқа арналған бейсенбілік ақ дастархан жайылып, көпшілікке арналған насихат кеші өтті.
Бұл жолы «Әбу Насыр әл-Фараби» мешіті «Жастар ісі» секторының ұйымдастыруымен өткізілген шараға арнайы келген ҚМДБ-ның діни оңалту маманы Ислам Маратұлы жиылған жамағатқа «Жат ағым жарға жығады» тақырыбында көркем насихат айтты.
Адамзат нәпсілік қалауларына ерік беріп, тура жолдан ауытқыған сайын Жаратушы тарапынан оларға ескертуші Елші келіп отырды. Өйткені тура жолда болып, адасушылықтан сақтану – адам баласының бұл дүниеде дұрыс өмір сүруіне, ақыреттік бақытқа қол жеткізуіне ықпал ететін негізгі себеп. Қазіргі таңда да жат ағым ықпалында кетпеу үшін әрбір мұсылманның дұрыс жолда берік болуы, теріс ағымнан сақтануы аса маңызды. Насихат барысында жат ағымнан сақтанудың бірнеше жолдары айтылды. Атап айтқанда, Ислам Маратұлы жат ағымнан сақтану үшін алдымен әһлі сүннет жолында берік болу, мәзһаб ұстану, діни сауатты болу, бірлікте болу керек екенін тілге тиек етті.
Насихат соңында жастарымызды түрлі ағымдарға еріп кетуден сақтап, қоғамның береке-бірлікте болуы үшін әрқайсымыз аянбай тер төгуіміз керек екенін айтып, еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін дұға жасады.



ummet.kz