Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесімен сабақтас (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Әйел заты – қоғамның қалыптасуында өзіндік орны бар, ұрпақ тәрбиесіне жауапты жан. Кешегі, бүгінгі һәм болашақтағы ұлттың мәртебесі әйелдердің қадір-қасиетіне қарай өлшеніп келген. Ислам өз тарихында ананың қадірі мен әйелдердің құқығын өте жоғары дәрежеде сақтап, бағалап келгені баршаға мәлім. «Нұр Астана» мешітінде ұдайы ұйымдастырылатын игі шара да осы игіліктің жалғасы іспеттес.

ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы әйелдер жамағатына жайылған дастархан басында асыл дініміздегі әйел затының орны, мұсылман әйелінің келбеті, бала тәрбиесіндегі ананың маңыздығы турасында әңгімелеп берді. «Қазақ қашанда анасын қадірлеп, әйеліне қорған бола білген. Қызын қонағындай күтіп, төрге шығарып, тәрбиесіне қатты ден қойғандықтан саналы, салиқалы ұрпақ жалғастығы үзілмей келді. Дінін дәстүріне айналдырып, санасына сіңірген иманды ұлттың ұрпағы үшін бүгінде сіздердей ақжаулықты аналардың берер тәлім-тәрбиесі өте маңызды. Халқымызда «Алып анадан туады» деген мәні терең сөз бекер қалмаса керек» деді Н.Тағанұлы.

Бас имамның әсерлі әңгімесінен соң исламдағы һәм бүгінгі қоғамдағы әйел затының орны, мақсат-міндеттері жайында наиб имамдар Әділхан Серікбай, Жандос Айтбай кеңірек баяндап өтті. Ал ақжаулықты аналар тарапынан Ақлима мен Бәтес әже мешіт имамдарына алғыстарын айтып, дін жолындағы еңбектерінің жемісті болуына тілектестік білдірді.

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: