Жауапты қызметте жаңа тағайындаулар (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Кеше елорда төріндегі «Нұр Астана» орталық мешітіне жұмаға жиылған жұртшылық елорда руханиятындағы оң өзгерістердің куәсі болды.

ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Астанадағы діни құрылым құрамындағы жаңа тағайындаулар туралы хабарлады. Бас имам өз сөзінде қала мешіттері мен медресесінде кадрлық өзгерістер болғанын айтып, бекітілген мекеме басшыларын таныстырды. «Бүгін Діни басқармамыздың төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен орталық мешіт құрамы мен медресеге жаңа басшылар мен қызметкерлер тағайындалды. «Нұр Астана» мешітінің іргетасы қаланған уақыттан бері елорда руханиятына үлес қосып, аянбай қызмет еткен наиб имамдар Асхат Сәлімов қала іргесіндегі «Төлебай» мешітінің бас имамы, Жандос Айтбай «Астана медресесіне» директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлығына тағайындалды. Ал осы діни білім беру мекемесі директоры болып Бекзат Ақжігітов бекітілді. Алла дін қызметкерлерінің еңбектерін еселі, нәтижелі еткей деп тілейміз» деді Н. Тағанұлы. Наиб мүфти дін саласындағы жауапты қызметтегі жаңа кадрлардың әлеуеті Астананың абыройын көтеріп, ел үмітін ақтап шығатынына сенім білдірді. Онан соң мешіт жамағатының атынан жаңа қызметке тағайындалған дін өкілдеріне арнайы сый-сияпат жасап, иықтарына шапан жапты.

Айта кетсек, Асхат Сәлімов «Нұр Астана» мешітінде қызмет еткен жылдар ішінде қайырымдылық шараларына үлес қосып, сан алуан ізгілік акцияларын ұйымдастыруға ұйытқы болды. Жандос Айтбай мешіт жамағатының діни сауаттын арттыруға ден қойып, сауат ашу курстарын бір жүйеге келтіруге үлес қосты. Бүгінде орталық мешіттің үлкен мәдениет пен білімнің ошағына айналуында наиб имамдардың алар орны орасан. 

Ал «Астана» медресесінің басшылығына бекітілген Бекзат Ақжігітов жиырма жылдан аса дін саласында еңбек етіп келе жатқан азамат. Өзбекстанда діни білім алып, әр жылдары өңірлердегі дін қызметінде болды. ҚМДБ-ның Ислам институтында, Түркияның имамдардың білімін жетілдіру институтында біліктілігін шыңдаған Б.Ақжігітов осыған дейін «Нұр Астана» орталық мешітінде наиб имам қызметін атқарып келді. 

 

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: