Ізгі қала тұрғындары қарттарға құрмет көрсетті (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Әз-Наурыз мерекесінде Астанада бірқатар қайырымдылық шаралары өтті. Көктемнің мерейлі мейрам күндері ізгі ниетті қала тұрғындары қарттар мен мүгедектерге арналған Малотимофеевка интернатында болды.

Қала іргесіндегі қариялар мекен еткен мекемеге қайырымдылық тобы ортақ қаражаттан азық-түлік, тәттілер, сый-сияпаттар мен киім-кешектер ала келді. Игі бастамаға бірқатар өнер иелері де қолдау білдіріп, концерттік бағдарласын ұсынды.

Ал қоғамның қалтарысында қалған қарияларға арналған мерекелік кешті өткізуге «Нұр Астана» орталық мешіті ұйытқы болды. Мешіт іс басқарушысы Ибрагим Сматаев әуел баста  WatsApp мобильді қосымшасы арқылы қарттар үйіне көмек көрсету үшін арнайы топ құрғанын айтты. «Жалпы, үлкенге құрмет көрсетіп, жақсылық жасау – ислам дінінің негізгі насихатының бірі. Топты осы мақсатта құрған болатынбыз. Аз уақыт ішінде ізгілікке үн қосушылар қатары молайды. Наурыз мерекесі барша халыққа қуаныш сыйлайтын күн. Сол себепті, осы қуанышты сәттерді қариялармен бөлісуді жөн көрдік» дейді Ибрагим Келдібайұлы.

Қайырымдылық тобына қосылған еріктілердің бірі Ғалия Мусина қариялардың өздерін қуана қарсы алғанын жеткізді. «Олар, расында, шексіз қуанды. Бізді құшағына алып, батасын берді. Жиі келіп тұруымызды сұрады. Біз бұл өтініштерді жерде қалдыра алмаймыз» дейді ол.

Қарттар үйі мекемесінің акт залында мерекелік бағдарлама қойылып, әннен шашу шашылып, ақ тілектер айтылды. 80 адамға арналған дастархан жайылып, қариялармен емен-жарқын сұхбат құрылды. Төсек тартқан кісілерге бөлек сый-сияпат жасалып, құшақтарын гүлге толтырды. Мерекелік кеште «Нұр Астана» мешітінің іс басқарушысы И.Сматаев барша қарияларды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Қайырымдылық шарасында Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының өнер иелері әсем әуенмен барша жұрттың көңілін көтерді. Сонымен қатар, №44 мектептің талантты оқушылары өз өнерлерін ортаға салды.

Ақ жаулықты аналардың тілегімен бастау алған кеш қариялардың батасымен аяқталды. Игі істі ұйымдастырушылар қарттар үйіне қазақы шапан мен киім-кешектер сыйға тартты.

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: