Елорда руханиятындағы тағайындаулар (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы діни саланы дамытудың тиімді тәсілдері мен нәтижелі жолдарын көрсетіп, бірқатар жобаларға бастамашы болған еді. Дін қызметкерінің тәжірибесі мен біліктілігін өзге орынға ауыстыру арқылы арттыру осы бастамалар негізінде қолға алынған шара.

Бүгінгі жұма намазын «Төлебай» мешітінде өткізген ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы жергілікті жамағатпен жүздесіп, «Тәубенің қасиеті» туралы тұщымды уағыз айтты. Шүкір мен тәубені серік еткен момын жанның екі дүниелік сауапқа ие боларын айтқан Наурызбай қажы ғибратқа толы оқиғаларды баяндап берді. Мұнан соң жуырда ғана бас мүфти бұйрығымен «Төлебай» мешітінің бас имамы қызметіне тағайындалған Асхат Сәлімовты көпшілікке таныстырды. «Білікті діни кадрларды алмастыру арқылы өңірлер мен аймақтардағы діни ахуалды көтеру, жамағаттың сауатын арттыру жүйелі жоба болып саналады. Бас мүфтиіміз осы мақсатта үлкен істерге ұйытқы болып, жол көрсетіп келеді. Асхат Сәлімовтың дін саласында жиған тәжірибесі мол. Сіздермен, жергілікті халықпен етене араласып, жемісті қызмет етеді деп сенім артамыз» деді наиб мүфтиі Н.Тағанұлы. 

Асхат Сәлімов Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша білім алып, алғашқы дін қызметін «Астана» медресесінен бастаған. 2008 жылдан бері «Нұр Астана» орталық мешітінде наиб имам қызметін абыройымен атқарып келді.

Жаңа имамды жамағатпен таныстырған наиб мүфти жұма намазынан соң аймақ ақсақалдарымен, мешіт жамағатымен дидарласып, мешіт ісін жандандыруға бағытталған ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар, Діни басқарма бекіткен төрт бағыт негізінде А.Сәлімовке бірқатар тапсырмалар берді.

 

Діни кадрлық тағайындаулар «Нұр Астана» мешіті мен «Астана» медресесінде де орын алды. Атап айтсақ, бас мүфти бұйрығымен «Нұр Астана» орталық мешітіне Марат Бектазинов наиб имам қызметіне тағайындалды. Марат Дәлелханұлы ұзақ жылдар діни ағартушылық салада ұстаздық, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Әр жылдары Қарағанды облыстық мешітінде ұстаз, ҚМДБ Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінде маман, «Нұр Астана» мешітінде ұстаз қызметінде болды. Осы уақытқа дейін «Астана» медресесі директорының бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.

 

Ал «Астана» медресесінде ұстаздық еткен Қанат Оңғарбаев ҚМДБ төрағасының бұйрығымен аталған білім мекемесі директорының бірінші орынбасарлығына тағайындалды.

Қанат Оңғарбаев «Нұр Мүбәрак» университетінде «Исламтану және араб тілі» мамандығында білім алған. Сондай-ақ, аталған оқу орнында «Исламтану» магистратурасын тәмамдады. Малайзия мемлекеті «Сұлтан Зайнал Абидин» университетінде білім арттыру тәжірибесінен өткен. Діни қызмет жолын Батыс Қазақстан облысы, Орал орталық мешітінде наиб имамдықтан бастады. Мұнан кейін ҚР Әділет министрлігі «Сот сараптамасы орталығында» маман, «Сот психологиялық-криминалистикалық сараптамасында»  сарапшы, «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорында» маман, қор директоры қызметтерін атқарған.

Мешіт ұжымы атынан дін саласын дамыту мақсатында жаңа қызметке тағайындалған дін мамандарының қызметтерінің жемісті, табысты болуына тілектестік білдіреміз. Алла тағала әріптестеріміздің ел руханиятын көтерудегі еңбектерінің еселі, алар асу, шығар белестерінің мол болуын нәсіп етсін деп тілейміз!

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: