Балалар білім жарыстырды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астанадағы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Кел, балалар, оқылық!» атты білім сайысы өтті.

Діни басқарманың алға қойған мақсаттарының бірі жас буынды имани білімді етіп тәрбиелеуге атсалысып, ел үшін еңбек етер ұрпақты қалыптастыру болып табылады. Осы мақсатта Астана мешіттерінде "Имани жаз" сауат ашу курстары ұдайы ұйымдастырылып келеді. 

«С. Ғылмани» мешітінде өткен  білім бәйгесіне осы жазғы сауат ашу курсында тәлім алған шәкірттер бақ сынады. Айта кетсек, биылғы курсқа қала бойынша 929 бала қатысып, бүгінгі сайысқа әр мешіттен бір баладан, жалпы 8 шәкірт қатысты. Білімді балғындар пайғамбар өмірбаяны, бес парыз және Алланың көркем есімдерін жатқа айтып, ислам негіздері бойынша білімдерін ортаға салды.

Балғындар кешінде "Тағылым тамшылары" діни-рухани балалар театр студиясының өнерпаздары белгілі ақын Алмас Темірбайдың "Уақыт қадірі", "Рамазан" атты поэзия туындыларын оқып берді.

Сайысқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан, "Нұр Астана" орталық мешітінің наиб имамы Нұрлан Рамазан, "С.Ғылмани" мешітінің бас имамы Жұманазар Садырхан мен "әс-Сәлам" мешітінің бас имамы Нұрбол Әбубәкіров қазылық етті. Қазылардың һәм көпшіліктің көңілінен шығып, өз қатарластарынан алғырлығымен алға суырылып шыққан "Нұр Астана" мешітінің атынан қатысқан Аружан Мұхаммеджанова  бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орынға "Әлжан ана" мешітінің шәкірті Айша Тілеуқабылова ие болса, үшінші орын "Төлебай" мешітінің шәкірті Әділет Жиенғалиев пен "әл-Ғани" мешітінің шәкірті Марлан Сапарбаевқа бұйырды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы берілді. Сайысқа қатысушылардың барлығы арнайы сертификаттармен және сый-сияпаттармен марапатталды.  

 

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі 

Бөлісу: