«Мерейлі отбасы» – берекелі мереке (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Отбасы – Отанымыздың мызғымас қазығы. Елімізде бүгінде баянды болашақ баспалдағын отбасы бақытынан қалыптастыру мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді.

Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан халқы үшін қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні мерекесі» деп бекітілген еді.

Осынау мән-мазмұны терең мерекеге орай Қазақстан президенті өз құттықтауында «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі. Табандылық, еңбексүйгіштік, туған жерді қастерлеу, үлкенге құрмет және қонақжайлылық сияқты халқымыздың ең жақсы рухани-адамгершілік құндылықтары берік отбасылық дәстүрлер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді» мерейлі күннің мәртебесін айшықтап берген-ді.

Ел болып қолға алынған шара бас қаланың «Нұр Астана» орталық мешітінде де ауқымды көлемде аталып өтті. Мешітте неке қидырған отбасыларға арналған «Мерейлі отбасы» атты рухани-мәдени шараға Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, академик, профессор Ғарифолла Есім, Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, әскери қайраткер, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертайұлы, белгілі айтыс ақыны Серікзат Дүйсенғазин қатысып, мешітке жиылған жас отбасыларға арнап мазмұнды әңгіме, салиқалы, өнегелі ой айтты.

Қасиетті Құран аяттарын оқумен ашылған шарада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы «Отбасы шаттығы» тақырыбында сөз өрбітті.

Наиб мүфти отбасы құндылықтары, шариғаттағы ер мен әйелдің орны, некенің мәні мен отбасы бақытының кілті турасында асыл дініміз бен баба дәстүрі аясында тарқатты. «Алла Тағала сіздердің мешітке басқан қадамдарыңызға сауаптан жазғай. Халқымыз отбасы бақытын, шаңырақ беріктігін ықылым заманнан өзінің салт-санасына сіңген дәстүрлі дінімен қатар үйлестіргенін тарихтан білеміз. Төл мәдениетіміздің баршасы – ақ неке, отау көтеру, шілдехана, азан шақырып ат қою, барлық рәсімдер асыл шариғатымызбен астасып келді. Сол себепті, дана халық тәмсілінде «тал бесіктен жер бесікке дейін» деген сөз де қалды. Бейбітшілік салтанат құрған заманда осы ата салтымызды болашақ буынға дұрыс жеткізіп, саналы да салиқалы ұрпақ өсіру мақсатында мемлекетіміз тарапынан назарға алынған «Отбасы күні» мерекесіне орай осындай тағылымды кездесу өткізуді жөн көрдік. Еліміздің ертеңгі жарқын болашағы отбасы деген қастерлі ұғымға байланысты. Себебі, ынтымақты шаңырақ бірлігі жарасқан елдің іргетасы болмақ. Осы орайда ауыз толтырып айта кетер қуанышты жайт, біздің мешітімізде жыл ішінде неке қидырған 800-ге жуық отбасы бойынша әлі ешбір ажырасу фактілері тіркелмеді. Елбасымыз әрдайым өз Жолдауларында еліміздегі әр отбасының әл-ауқатын жақсарту мақсатында нақты міндеттер қойды. Мұқтаж отбасылар мен жетім-жесірлерге қоғам тарапынан қолдау көрсетілуі керектігін айтып келеді. Біз де өз кезегінде мешіт тарапынан әрбір отбасыға рухани һәм материалдық демеу, қолдау көрсетуден қалыс емеспіз. Бұл біздің дін қызметкері ретінде әрі мұсылмандық міндетіміз» деген Наурызбай қажы Тағанұлы қоғам дамуындағы кез келген мәселеде мешіт ұжымының шетін қалмайтындығын жеткізді.

Мерейлі кеш барысында академик, профессор Ғарифоллла Есім маңызды шаралардың мешіт төрінде ұйымдастырылуына қолдау білдіріп, жас отбасыларға өнегелі өсиет сөздерін арнады. Ал ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертайұлы осы кеште Оңғарбаевтар отбасының сәбиі Қанатқызы Адияның тұсауын кесіп, ізгі салтпен ырымдап, бата-тілек жасады. Сәбилер үні барша шаңырақтан сейілмесін деген игі ниетпен тәттіден шашу шашылды.

«Мерейлі отбасы» шарасында наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ануар мен Алуа есімді жұптың ақ некесін қиып, жастарға мұсылманшылық жолымен неке сөздерін айтқызып, қалың халық осыған куә болды. Сонымен қатар, дүние есігін енді ашқан Байқуанышовтар отбасының сәбиіне де азан шақырылып, ат қойылды.

 Асыл дінімізді ардақтап, дәстүрімізді ұлықтаған шараға қатысушы отбасылар үлкен әсермен қайтты. Жастарға өнегелі тәрбие, дұрыс бағыт-бағдар беруде орны айрықша «Мерейлі отбасы» шарасын ұйымдастырған мешіт ұжымына алғыс-тілектерін айтты. Жастардың жарасым табуына, отбасы бақытына жол бастаған шара игі тілек, жылы лебіздермен, бата-дұға жасаумен аяқталды. 

 

Otbasy1

Otbasy2

Otbasy3

Otbasy4

Otbasy5

Otbasy7

Otbasy8

Otbasy9

Otbasy10

Otbasy11

Otbasy12

Otbasy13

Otbasy14

Otbasy15

Otbasy16

Otbasy17

Otbasy18

Otbasy19

Otbasy20

Otbasy21

Otbasy22

Otbasy23

Otbasy24

Otbasy25

Otbasy26

Otbasy27

Otbasy28

Otbasy29

Otbasy30

Otbasy31

Otbasy32

Otbasy33

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: