Астана имамдарының Рамазанға әзірлігі пысықталды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін қасиетті Рамазан айы қарсаңында Астана имамдарының мәжілісі өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен мәжілісте елорда мешіттерінің Рамазан айына дайындығы пысықталып, қасиетті айда атқарылар ізгі шаралар жоспары бекітілді.

Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде айлардың ардақтысы Рамазанға дін қызметкерлері барынша жоғары деңгейде әзірлік жасап, игілікті істерге бастамашы болуына баса назар аударды.

«Рамазан – барша халықты, жұртшылықты жақсылыққа үндейтін, имандылыққа ұйытатын ерекше ай. Бұл айда дін қызметкерлері бас мүфти бастамасы аясында ізгі істерді, қайырымдылық шараларын көптеп ұйымдастыруға белсене атсалысуы тиіс. Рамазанның қадір-қасиетін халыққа барынша жеткізіп, ораза қатысты жиі қойылатын сұрақтарға арнаулы кітапшалар әзірлеу қажет. Сонымен қатар, қасиетті айдың құрметіне мәдени орындарға әртүрлі рухани кештер ұйымдастырып, бұқараның Рамазанға деген ыстық ықылас-ниеттеріне лайықты жауап беруіміз керек. Рамазанда алғаш Құран аяттары түскен Қадір түні бар, осыған байланысты жылдан жылға ел-жұрттың имандылығын, құлшынысын арттыра түсетін Қадір кешіне де айрықша көңіл бөлініп, елмен етене жақын жұмыс жүргізгеніміз абзал» деді наиб мүфти.

Сонымен қатар, мәжіліс барысында Рамазан айында қала мешіттерінде тегін ауызашар дастарханын жасау, тарауих намаздарына әзірлік, жетімдер мен қарттар үйінде ауызашар беріп, тұрмыс-ахуалы төмен отбасыларға қайырымдылық шараларын ұйымдастыру және т.б. мәселелер талқыланып, жоспар жасалды. Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халықтың рухани орталығына айналған мешіттердің ішкі-сыртқы тазалығымен қатар, келуші жамағаттың бірлігін нығайтуға да ерекше мән берілуі керектігін атап кетті. Ораза айындағы оңды іс-шаралардың соңы айт мерекесінде ұлттық нақышта, дәстүрімізге сай бұқарамен аталып өтілуі де басты жоспарға алынды.

Жиын соңында жоғарыда аталған жоспар бойынша мешіт қызметкерлеріне нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктелді.

IMG 9822

IMG 9825

IMG 9827

IMG 9832

IMG 9836

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі 

Бөлісу: