Наиб мүфти Рамазан айына арналған баспасөз мәслихатын өткізді (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығында қасиетті Рамазан айының басталуына орай баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз мәслихатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев және «Садуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Жұманазар Садырханов қатысып, Рамазан айына дайындық барысы мен ораза туралы түсінік берді.

Наиб мүфти Наурызбай Тағанұлы Рамазан айының қадір-қасиеті жайында БАҚ өкілдеріне мәлімет беріп, оразада атқарылар оңды істер тізбегін баяндап берді.

«Рамазан – қасиетті Құран аяттары түскен, ізгілік тұнған ай. Алла Тағала адам баласына барша игілік пен нығметтерді берді. Дініміз барша адамзатты мейірімді болуға шақырады. Жуырда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі бай-дәулетті азаматтарды жағдайы төмен тұрғындарға көмек көрсетуге үндеген болатын. Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы Рамазан айына арналған үндеуінде жомарт жанды азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, қайырымдылық жасауға, жетім-жесірге, қараусыз қалған қарттарға қамқор болуға баса назар аудартты.  Осы бастамаларға үн қосу баршамыздың азаматтық борышымыз болса керек» деді Н.Тағанұлы.

Наиб мүфти биылғы Рамазан айында жылдағы дәстүрмен қала мешіттерінде 400-ге жуық адамға арналған ауызашар дастарханы жайылатынын, қарттар мен жетімдер үйінде, сырқатты, мұқтаж жандарға қайырымдылық шаралары ауқымды көлемде өткізілетінін атап кетті.

Сонымен қатар, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Рамазан айына байланысты үндеуінде айтылғандай, жанашыр кәсіпкер азаматтардың ізгілік айында игі істерге жұмылуы үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы облыстарда «Қайырымдылық мекемесі» ашылған. Ислам шариғатындағы «жария садақа» қағидасына сай, әр азамат аталған мекеме арқылы қоғамның, халықтың игілігі үшін сауапты істер жасауына, атап айтқанда, мешіт-медресе, аурухана, бала-бақша, спорт кешендерін тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсуы жоқ ауыл­дарға су тартып, құдық қаздырту, т.б. игі амалдарды атқаруына болады.

Айта кетсек, 27 мамырда басталатын Ораза биыл 29 күнге созылады. Қасиетті Қадір түні маусымның 21-нен 22-не қараған түнге сәйкес келеді. Қала мешіттеріне арнайы қарилар келіп, тарауих намазы оқылып, Құран хатым етіледі. Ораза айт мерекелері 25-26-27 маусым күндері бұқара болып ұлттық сән-салтанатта өткізу жоспарға алынған. Ал пітір садақа көлемі биыл республика бойынша 300 теңге бағамында белгіленді.

Баспасөз мәслихаты соңында дін өкілдері тілшілердің оразаға қатысты сұрақтарына жауап берді.

IMG 0162

IMG 0165

IMG 0206

IMG 0223

IMG 0225

IMG 0238

IMG 0254

IMG 0275

IMG 0279

IMG 0321

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: