Оразадағы оңды іс (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Рамазан – ізгілік мен мейірімділік тұнған ай. Бұл айда мүмкіндігі жеткен әрбір мұсылман мұқтаж адамдарға қарайласып, қол созады. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жыл сайынғы Рамазан айына арналған Үндеуінде барша халықты осынау мерейлі айда мейірімділік танытып, қайырымдылық істерін ұдайы ұйымдастыруға шақырады.

Бүгін Елорда төріндегі «Нұр Астана» орталық мешіті ораза айында осындай оңды істі атқарды. Орталық мешіт пен мешіт жанынан құрылған «Жақсылықта жарысайық» еріктілер тобы қаладағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік таратты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы қасиеті айда мешіт тарапынан мұқтаж отбасыларға рухани һәм материалдық тұрғыда әрқашан көмек көрсетілетінін жеткізді. «Рамазан – барша халықты біріктіретін, берекелі ай. Мешітіміз жыл бойына, әсіресе, ораза айында әртүрлі қайырымдылық шараларын көптеп өткізуге көңіл бөледі. Дініміз барша адамзат баласын бір-бірімізге мейірімді болып, бауырмалдық көрсетуге үндейді. Атқарылып отырған шаралар бұқараның ынтымақ-бірлігін арттырып, тұрмыс-тіршілігін түзеуді көздейді. Алла Тағала отбасыларыңызға амандық, береке нәсіп қылғай» деді наиб мүфти.

Айта кетсек, бүгінгі қайырымдылық шарасы аясында қаладағы тұрмысы төмен 40 отбасыға жалпы сомасы 400 мыңға жуық қаражатқа азық-түлік, тұрмыстық заттар алынған. Ал «Жақсылықта жарысайық» тобының белсенді жастары әрбір отбасыға тиесілі азық-түлік жүктерін үйді-үйлеріне жеткізіп берді. Игі істің шарапатын көрген отбасылар өз кезегінде дін өкілдеріне риясыз алғыс-тілектерін айтты.

Akziaoraza2

Akziaoraza3

Akziaoraza4

Akziaoraza5

Akziaoraza6

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: