Өзгеше стильде салынған мешіт ашылды (фото)

Өзгеше стильде салынған мешіт ашылды (фото)

Мешіт тынысы
Жарнама

11 мамыр. Астана.  Ummet.kz – Есілдің жағасында жаңа мешіт ашылды, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.

Бүгін, қасиетті жұма күнінде Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешіті ашылды. Алла үйінің ашылу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз:

«Бүгін – күллі мұсылман қауымының рухани өмірінде тарихи күн. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында елімізде тұңғыш рет постмодернизм стилінде салынған мешіт есігін айқара ашты. Баламалы энергия көздерімен қамтамасыз етілетін нөмірі бірінші құтханамыз құтты болсын, ардақты ағайын! Біз мұндай нығметке елдігіміз бен ерлігіміздің, бірлігіміз бен тәуелсіздігіміздің арқасында жеттік. Аллаға сансыз мақтаулар болсын! Осы мешіттің салынуына қамқорлық танытқан, ел қамында жүрген Елбасы мен ел ағаларына Алла разы болсын!

Халқымызда: «Азаны бар ауыл азбайды», – деген нақыл бар.

Мешіт – сүйіспеншілік пен бауырмалдықтың, игілік пен ізгіліктің, бірлік пен мейірімділіктің, барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені. Мешіт – Алланың үйі. Адамзат баласының рухани тұрғыдан дамуы мен пенденің тұлабойына адамгершілік құндылықтарды ұялатуда мешіттің орны қашан да маңызды. Бұл мешіт құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, қоғамдық келісім мен бірлік пен берекенің ошағына айналады деген сенімдемін. Жаңа мешіт, сонымен қатар салт-дәстүріміздің, тағылымға толы тарихымыздың насихатшысы, діни һәм ғылыми жаңалықтардың әрі қайырымдылықтың орталығы болады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қасиетті хадис-шарифінде: «Мешіт салған адам үшін Алла Тағала жәннатта сарай тұрғызады». Мешіт салу – сауабы үзілмейтін сауапты іс! Осы құтхананың құрылысын қолға алған дініміздің жанашыр азаматтарына, Алла үйінің бойкөтеруіне тілеулестік білдірген жамағатқа Алла разы болсын», – деді.

Ашылу салтанатына қатысқан ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

 

 

Бөлісу: