Астанада қатерлі ісікпен ауыратын балаларға мерекелік шара ұйымдастырылды (ФОТО)

Астанада қатерлі ісікпен ауыратын балаларға мерекелік шара ұйымдастырылды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

1 маусым. АСТАНА. Ummet.kz  – Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының Қатерлі ісік бөлімінде ем қабылдаған балаларға арналған мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Ummet.kz тілшісі.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілген шараға ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Асқар Әбітайұлы арнайы қатысып, ашылу сөзін сөйледі.

«Балалар – біздің болашағымыз, ұлтымыздың үкілеген үміті. Бүгінгі басқа түскен ауру Жаратқанның уақытша сынағы. Жаратқаннан шипа тілеңіздер, шынында Алла шипа дарытушы. Алланың өзі «Дұға етіңіздер, әлбетте дұғаларыңызға жауап беремін» дейді. Әсіресе, қазіргідей Рамазан айында көбірек дұға-тілек жасаған абзал. Барлық мешіттегі имамдар сіздердің сауығып кетулеріңізді Жаратқаннан сұрайды. Алла Тағала сіздерге зор денсаулық пен молшылық нәсіп етсін.

Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жақсылыққа үндеу. Жақсылық жасау үшін материалдық жетістік маңызды емес, әр адам қолынан келгенінше айналасына қуаныш пен мейірім сыйласа, соның өзі үлкен жақсылық болар еді. Ол үшін тек уақыт пен көңіл бөлу жеткілікті,» - деді Асқар Әбітайұлы. 

Мерекелік іс-шараға Мемлекеттік филармонияның камерлік хоры мен «Астана Гунчалари» атты өзбек ансамблі де атсалысып, Дулат Жігер, Пулатова Амира, Мусаева Аружан, Назарбеков Төлеген сынды әншілер бүлдіршіндерді әнімен тербеді. Аталмыш шараның ұйымдастырушылары – «Нұр Астана» орталық мешіті мен «Дари Добро», «Творчество во благо» еріктілер тобы қатысты.

Балалар аниматорлар, әртістер  мен әншілердің атсалысумен ұйымдастырылған ойын-сауық бағдарламасын тамашалады. Мерекелік шараның соңында кішкентай бүлдіршіндерге сыйлықтар таратылды. 

«Дари Добро» тобының негізін қалаған Айдабулова Бота өз ұйымының осы уақытқа дейін атқарған шаралары мен балалардың қажеттіліктері жайында тұщымды ойларымен бөлісті. «Біздердің әлеуметтік қызметкерлермен, балалар онкология Орталығының психологтарымен бірлесе жұмыс істеп жүргенімізге төрт жылға жуық уақыт болды. Жанашырлық танытқан көптеген кісілер хабарласып, қол ұшын созуда. Балалар онкология Орталығына еліміздің әр түрлі аймақтарынан бүлдіршіндер келіп жатады. Соның ішінде, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары да көптеп кездеседі. Ұзақ мерзімді емделуге мәжбүр болғандықтан, кейде азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек жетіспей жатады. Қыс мезгілінде келіп түскен балалар жаз мезгілінде шығады. Сондай кезде кей балаларға киім керек. Сонымен бірге, памперс, майлықтар (салфетка) мен киімдерге үнемі қажеттілік бар». Айданың айтуынша, мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылғаны дұрыс. Себебі, балаларға күнделікті демеу керек.

«Нұр Астана» орталық мешітінің ұстазы Муслимов Дәурен: «Кісі ауырғанда сезімтал әрі әлсіз болып кетеді, ондай кезде көбірек көңіл бөлуді қажетсінеді. Осы себепті, Ислам дінінде ауру кісілерді зиярат ету маңызды. Ауру кісінің жанында туыстары мен достарын, олардың мейірімі мен қолдауын көруі тез аяққа тұрып кетуіне себеп болады», - деді.

Шараның соңында белгілі эстрада әншісі Ерлан Көкеев  бөлмелерде жатқан балаларға арнайы кіріп, жылы лебізін білдіріп, сыйлықтар берді.

«Бөтеннің баласы деген түсінік болмау керек дегім келеді, балалар біздің қоғамға ортақ. Мүмкіндікті пайдаланып «Нұр Астана» орталық мешітінің өкілдеріне бүгінгі мерекелік шара мен танытқан жанашырлығы үшін алғысымды білдіремін.  Барлығымыздың балаларымызға мықты денсаулық, ал, ата-аналарға сабыр тілеймін», - деді Ерлан Көкеев.

«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі

1

2

4

5

Бөлісу: